​Шымкентте он адамның қалтасын қаққан интернет-алаяқ ұсталды

0
1 432

Ол өзін «санаторий қызметкерімін» деп таныстырған.


​Шымкентте  он адамның қалтасын қаққан интернет-алаяқ ұсталды

көрнекілік сурет ашық дереккөзден алынды

Шымкентте киберпол он қазақстандықты алдаған интернет-алаяқты ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Полиция екі жергілікті тұрғынның алаяқтық туралы арызы бойынша тергеуді бастады.

Зардап шеккендер Түркістан облысындағы шипажайлардың бірінде демалуды жоспарлап жүріп, интернеттегі жарнама арқылы өзін «санаторий қызметкерімін» деп таныстырған белгілі бір азаматпен байланысқа шыққанын жеткізді. Хат алмасу барысында қаскүнем азаматтардың сеніміне кіріп, орындарды алдын ала брондау үшін белгілі бір шотқа төлем жасауға көндірген. Ақшаны алғаннан кейін ол байланысқа шықпай, ізін суытқан.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған күдіктіні анықталып, ұсталды. Ол Сарыағаш қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы сегіз қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Зардап шеккендердің арасында шымкенттіктерден бөлек Тараз, Қызылорда, Алматы және Астана қалаларының тұрғындары да бар. Алдағы уақытта осы іс бойынша жәбірленушілер саны артуы мүмкін.
Қазіргі таңда ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, ақшасын тартып алу үшін түрлі схемалар ойлап табатынын еске салады. Интернеттегі алаяқтардың құрбаны болмау үшін бейтаныс адамдарға сенбеуге, жеке ақпаратыңызды ешкімге бермеуге және күмәнді шотқа ақша аудармауға шақырады.