Шымкентте отбасылық үлгідегі кітапхана жаңғыртылды

0
861

Жаңғыртылған бөлімшелер белгілі бір тақырыпқа бағытталған.


Шымкентте отбасылық үлгідегі кітапхана жаңғыртылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №2 және №5 кітапхана бөлімшелері жаңғыртылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жаңғыртылған бөлімшелер белгілі бір тақырыпқа бағытталған. Мәселен, №2 бөлімше мәдениет, өнер саласына арналса, №5 бөлімше Абай шығармашылығын негізге алған. Салтанатты шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов, «Ауыл» социал-демократиялық париясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Қ. Досалиев, композитор Ш. Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Қалдаяқова, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Х. Есенова және қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты. Жиынға келушілер қазақ вальсінің королі Ш.Қалдаяқовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, кітапхананы аралады.

Өткен жылы қала әкімі М.Әйтенов Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығында ескерткішке гүл шоқтарын қойып, кітапхананы аралаған еді. Кітап қоры бай болса да, тозығы жеткен ғимаратты көріп, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Міне, мемлекеттің қолдауымен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында кітапхана жұмысы жанданып, жаңғыртылып отыр. Енді оқырман көбейсін деп тілейміз,- деді Ш.Мұқан.

Бұл нысандар «отбасылық кітапхана» концепциясы бойынша заманауи үлгіде жаңғыртылған. Кітапхананың оқу залындағы кітаптар «Жаңа топтама», «Өнер әлеміне саяхат», «Оқуға тиіс 10 кітап», «Ұлы есімдер» деген бірнеше тақырып аясында топтастырылған. Сондай-ақ, көркем әдебиет бөлімінде әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінің классиктерінің туындылары топтастырылса, 10 мыңға жуық сирек кітап Алтын қорға қойылған.

Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Н.Жұманованың айтуынша, кітапхананың кітап қоры 27 мыңға жуық. Енді бұл тек кітап оқылатын жер емес, сонымен қатар қоғамдық орынға айналмақ. Мұнда тұрғындардың отбасымен бірге келіп, уақытын тиімді өткізуіне де барлық мүмкіндік жасалған.