Шымкентте өз күйеуін тапсырыспен өлтірген әйел сотталды

0
2 637

Күйеуін өлтіруге тапсырыс берген әйел мектепте психолог болып жұмыс істеген.


Шымкентте өз күйеуін тапсырыспен өлтірген әйел сотталды

Шымкентте өз күйеуін тапсырыспен өлтірген келіншек 16 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қаладағы мектептердің бірінде психолог болып жұмыс істеген ол жолдасының көзін құрту үшін 1 миллион теңгеге туған жиені арқылы «киллер» жалдаған. Сөйтіп, отағасын жұмыстан қайтып келе жатқанда, 5 жерінен пышақтатып өлтірткен. Бірнеше мәрте сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде, қылмыскерлердің барлық іс-әрекеттері дәлелденіп, 16 жылға бас бостандығынан айрылды.

- Д.Т-ны қылмыстық кодекстің 16 шілде 1997 жылғы нұсқасы бойынша, 28 бабының 3-ші бөлігі, 96 бабының 2-ші бөлігінің «ж», «з» тармақтарымен кінәлі деп тауып, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қолданды. Ал, Т.Ж. қылмыстық кодекстің 1997 жылғы нұсқасы бойынша 96 бабының 2-ші бөлігі «ж», «з» тармақтарымен кінәлі деп танылды. Оған осы аталған қылмысты жасағаны үшін 16 жыл мерзімге бос бостандығын айыру жазасы тағайындалды, - деп мәлімдеді судья Сәмиддин Темірәлиев.

Ал тапсырысты орындаушы адамды тапқаны үшін келіншектің жиені 7 жылға сотталған. Айта кетейік, бұл оқиға 2012 жылы болған. Ерлі-зайыптылар арасында жиі жанжал туындай берген соң, жұбайы күйеуін өлтірткен. Алайда ауыр қылмыс 8 жыл дегенде ашылған. Оның өзінде әлгі әйелдің жиені қаза тапқан жездесін жиі-жиі түсінде көре берген соң, полицияға өзі барып мойындаған. Ал, бұл аралықта тапсырыс беруші келіншек жәбірленуші ретінде өтіп жүрсе, «киллер» мұнан бөлек тағы 2 адамды өлтіргені үшін түрмеде отырғаны белгілі болды.

Ерлі-зайыптылардың 2 қызы бар.