Шымкентте психотропты заттарды тасымалдаған шетел азаматы сотталды

0
1 576

Сотталушы ҚР ҚК нің​ 24-бабының 3-бөлігі, 286-бабының 4-бөлігімен, 296-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылды.


Шымкентте психотропты заттарды тасымалдаған шетел азаматы сотталды

Шымкентте есірткі тасымалдаған Грузия азаматы 11 жыл 6 айға сотталып кетті. Оған ҚР ҚК-нің үш бірдей бабы бойынша айып тағылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Грузия азаматы Леладзе Гоча он бір жыл алты айға бас бостандығынан айрылды. Сотталушы Гоча Демурович ҚР ҚК нің 24-бабының 3-бөлігі, 286-бабының 4-бөлігімен, 296-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады. Бұлтартпау шарасы бұрынғысынша күзетпен ұстауда қалдырылды.

Грузия Республикасының азаматы Г.Леладзе аса ірі мөлшерде психотропты заттарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз алып өтпек болған. Сотталушы Франкфурт-на-Майне қаласының халықаралық әуежайына келіп, өзі трансфер арқылы «Франкфурт-Москва-Шымкент» авиарейсіне тіркеуден өткен. Қара жол чемоданын тіркеуден өткізу үшін тапсырған. Әуежайдың авиациялық қауіпсіздік және кеден қызметкерлері тарапынан чемоданды тексеру барысында грузиялықтың жол чемоданынан 6 дана «МДМА, Экстази» таблеткаларын тауып алған.

"Яғни, сотталушы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы аса ірі мөлшердегі 6 дана «МДМА, Экстази», таблеткаларын заңсыз өткізуге оқталған. Алайда, ол бұл ниетін өзіне қатысты емес мән-жайлар бойынша соңына дейін жеткізе алмаған,"-деп мәлімдеді Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі. Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енбеген.