​Шымкентте сержанттар құрамы марапатталды

0
496

Ал Қарулы Күштердің ардагерлері әскери қызмет үздіктерін «Қазақстан патриоттары» медалімен марапаттады.


​Шымкентте сержанттар құрамы марапатталды

Шымкент гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің сержанттары «Түркістан» залында құрметке бөленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі ақпаратына сәйкес, жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын кіші командирлерге алғыс хаттар мен төсбелгілер табысталды.

Салтанатты шарада мемлекеттік Ту көтеріліп, еліміздің Әнұраны шырқалды. Сержанттарды кәсіби мерекелерімен Шымкент гарнизонының бастығы подполковник Дастан Мұхамеджанов және «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері құттықтады.
Іс-шара барысында оқу-жауынгерлік міндеттерді сапалы орындағаны және қызметтегі жетістіктері үшін көзге түскен әскери қызметшілерге әскери атақтар беріліп, грамоталар табыс етілді. Ал Қарулы Күштердің ардагерлері әскери қызмет үздіктерін «Қазақстан патриоттары» медалімен марапаттады.
- Жауынгерлік дағды, бөлімшелердегі әскери тәртіптің жай-күйі және жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухы сержанттардың кәсібилігіне байланысты. Олар тәуліктік нарядта сарбаздармен катар қызмет етеді, әскери тәртіпті нығайту бойынша күнделікті жұмыс жүргізеді. Бұл жерде жеке үлгі, бедел, жоғары адамгершілік қасиеттер, іске деген қайсарлық, тәртіптілік ерекше маңызды, - деп атап өтті подполковник Дастан Мұхамеджанов.
Салтанатты шара мерекелік концертпен аяқталды. Әскери қызметшілердің алдында мегаполисте танымал би және музыкалық ұжымдар өнер көрсетті.

Айта кетейік, биылғы жылдың 1 наурызы мен 16 маусымы аралығында Шымкент қаласының жергілікті әскери басқару органдары армияға 760-қа жуық бозбаланы әскерге шақырған. Атап айтсақ, 370 азамат Қарулы Күштерінің қатарын толықтырса, қалғандары Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлеріне, Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдары мен Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілген.

Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаевтың айтуынша, көктемгі әскерге шақыру жұмыстары аясында қаладан 900 адамды шақыру жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспардың шамамен 85%-ы орындалды.