Шымкентте шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін өндірістік парк ашылды

0
438

Жобаның екінші кезеңінің құрылысы 2022 жылы аяқталатын болады.


Шымкентте шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін өндірістік парк ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриялық аймағының жанынан «Silkway Alliance» өндірістік паркі іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған өндірістік парк «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған пилоттық жоба екенін атап өтті.
«Мұндағы барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған дайын өндірістік алаңдар кәсіпкерлерге ұсынылатын болады. Парктің жалпы алаңы 4,4 га құрайды. Оның 3 мыңға жуық текше метрі өндірістік алаңдар үшін, ал, 1 мыңнан астам текше метрі кеңсе алаңы үшін жалға беріледі», - деді қала басшысы.
Мұрат Әйтенов қалада шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бұдан өзге мемлекеттік бағдарламалардың да сәтті жүзеге асып келетінін жеткізді.
«Мемлекет басшысы «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 1 жылға ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Қалада бүгінде аталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, «Мен кәсіпкер боламын» жобасымен әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін 10 млн. теңгеге дейін 1%-дық 6 шағын несиелер беру қарастырылған. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау үшін «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы жұмыс істейді. Ал, осы жылы кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қол жеткізуі үшін «Shymkent – Atameken» микроқаржы ұйымы құрылды. Бұл жұмыстардың барлығы кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында жасалып отыр», - деді әкім.
Қала басшысын өндірістік парктің жұмысымен таныстырған қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дүйсебеков жобаның бірінші кезеңінде 15 резидентті орналастыру жоспарланғанын, бүгінде 69 жұмыс орнын құрумен 8 жоба орналастырылғанын мәлім етті. Жобаның екінші кезеңінің құрылысы 2022 жылы аяқталатын болады.
«Іскер қала» бағдарламасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бағдарлама 3 бағыттан тұрады. Бірінші бағыт — өндіріс саласы бойынша қалада тоқтап тұрған немесе бос тұрған ғимараттардың ішінде өндірістік парктер құру. Екінші бағыты – ауылшаруашылық кооперативін құру арқылы якорлы кәсіпорындарды тиісті өніммен қамтамасыз ету. Үшінші бағыт – 1000 сауда нүктесі.
Жалпы, осы «Іскер қала» бағдарламасының іске асырылуы арқылы 3 жылда 13,3 млрд.тг. инвестиция тартуға, 2,8 мың жаңа жұмыс орнын құруға, 1 мыңнан астам жаңа кәсіпорындарды ашылуы межеленген. Нәтижесінде бюджетке жылына 103 млн.тг. салық түсуі күтілуде.