Шымкентте шахмат пен тоғызқұмалақтан зияткерлік байқау өтеді

0
1 996

Интелектуалды жарыс 15 қазанда басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры 2,5 млн теңге.


Шымкентте шахмат пен тоғызқұмалақтан зияткерлік байқау өтеді

Шымкент қаласында «Intellectualdy ult» жалпыұлттық жобасы аясында шахмат пен тоғызқұмалақтан «Ойлы болсаң, озып көр!» атты зияткерлік байқауы ұйымдастырылады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Интелектуалды жарыс 15 қазанда басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры 2,5 млн теңге.
Байқау карантин талаптарына сәйкес қатысушылар арасында ара қашықтықты қатаң сақтай отырып өтетін болады. Жарыс Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде және «Интеллектуалды ұлт – 2020» жобасы аясында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Мұндағы негізгі мақсат - зияткерлік ойындар арқылы (шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ т.б.) жеке бастың мінез-құлқының қалыптасуына, ұстамды және ізденімпаз болуына, ойлау қабілетінің артуына ықпал ету.
- Зияткерлік ойындар адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Ал шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ т.б. зияткерлік ойындар логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, ойын арқылы балалар өмірден көптеген мәліметтер алып, білімін желтілдіреді,- деп мәлімдеді қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жанар Бектаева.
Аталған жобаға «Еркін - ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев жетекшілік етеді. Байқауда қатысушылар 3 топқа бөлінеді.
І топ – жас өспірімдер (14 жасқа дейін);
ІІ топ – ересектер (40 жасқа дейін);
ІІІ топ – Ардагерлер.

- Зияткерлік ойын шахмат – өнер, ғылым, спорт саналады. Бұл ойынды тарихта аты аңызға айналған ең ұлы адамдар ойнаған. Қазақтың дара тұлғалары ұлы Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәмші Қалдаяқов, Ғабит Мүсірепов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев зияткерлік ойындардың ақыл-ой тәрбиесіне ықпалы зор екенін айғақтады,- деді «Еркін - ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев.
Зияткерлік дүниелер оқушылардың сабақтан тыс тәрбиелік уақытын тиімді ұйымдастырады. Интеллектуалды тұлғалар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырады. Зияткерлік өнерге бейім оқушылар мен ата-аналар әлеуметтік өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді.