​Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзған 26 тұлға жауапкершілікке тартылды

0
893

Бүгінде 31 500 медициналық бетперденің және 730 литр антисептик сұйықтығын заңсыз сатудың жолы кесілді.


​Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзған 26 тұлға жауапкершілікке тартылды

Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзған 26 тұлға жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімдеді.

COVID-19 коронавирусімен күресу мақсатында енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде прокуратура басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп елімізде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда.

Бүгінде 31 500 медициналық бетперденің және 730 литр антисептик сұйықтығын заңсыз сатуының жолы кесілді. Олардың барлығы тәркіленіп, Қалалық денсаулық сақтау басқармасына берілді.

Мемлекетте төтенше жағдай режімі жарияланғанға қарамастан кейбір тұлғалар мемлекеттік органдардың ескертулеріне назар аудармауда, шектеулер мен тыйымдарды елемей, жалған ақпараттар таратуда.

Полиция органдарымен «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Шымкентте Қазиев көшесіндегі бір мешіттен коронавируспен ауырған адам анықталыпты. Қырылатын болдық. Не деген топастық» атты жалған ақпарат тарату фактісі анықталған.

Бұл факт СДТБТ-ке Қылмыстық кодекстің 274-бабымен тіркеліп, ақпарат таратқан тұлға анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 476-бабы бойынша Шымкент қаласында төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа 26 тұлға тартылды, оның ішінде 19-на әкімшілік қамау қолданылған, 7-не әкімшілік айыппұл салынған.

Жалпы, төтенше жағдай кезінде шектеу шараларын сақтамағаны үшін қандай жауаптылық көзделетінін әрбіреуі білуі қажет.

ӘҚБтК-нің 476-бабына сәйкес төтенше жағдай режимін бұзу 10 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады.

Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер үшін (ӘҚБтК-тің 478-бабы) – 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады.

Төтенше жағдай жарияланған жерде жасалған қылмыстар үшін негізгі қылмыстық-құқықтық шаралар Қылмыстық кодекстің он төрт бабында жазылған.

Олардың қатарында көрінеу жалған ақпаратты тарату (ҚК 274-бабы 4 бөлігі бойынша – 3-ден 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру), билік өкіліне бағынбау (ҚК 379-бабы – 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру), билік өкiлiне қатысты күш қолдану (ҚК 380-бабы 3 бөлігі бойынша – 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру), құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық (ҚК 380-1 бабы 2 бөлігі бойынша – мүлкі тәркілеумен 15-ден 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру), тыйым салынған ереуiлге басшылық ету, ұйымның жұмысына кедергi жасау (ҚК 401-бабы – 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру) және бірқатар әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар.

Осы кезеңде, басқа да әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау, әкімшілік жауаптылық пен қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады (ӘҚБтК-тің 57-бабы, ҚК 54-бабы).

Осыған орай Шымкент қаласының прокуратурасы азаматтарды үрейге берілмеуге, сабырлық танытуға, заңдылықты сақтауға, уәкілетті органдардың тыйым салынған және шектеу қойған талаптарын орындауға, жалған хабарламаларға назар аудармауға және тек қана ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын басшылыққа алуға шақырады.