Шымкентте тұрғын үй құрылысын 2 млн шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр

0
417

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.​


Шымкентте тұрғын үй құрылысын 2 млн шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр

Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысын 2 миллион шаршы метрге жеткізу жоспарлануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Соңғы бес жылда қалаға ауқымды инвестиция салған алпауыт құрылыс компаниялары бүгінде тұрғын үй құрылысын қарқынды жүргізуде. Құрылыс нарығында өзіндік орны бар «BI Group», «Otau», «Capital invest construction», «OKS –Shymcity», «Kanfar Bulding» компаниялары мегаполистің сәулеттік келбетін айшықтайтын заманауи, зәулім тұрғын үйлер салуда.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс аумақтарында болып, бизнес және эконом класты тұрғын үйлерді аралады. Алдымен «БазисА» компаниясы салып жатқан Әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Шахристан» тұрғын үй кешенінің құрылысын тексерді. Мұнда қазір арнайы бригадалар сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізуде.

Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптылармен бірге «Отау Строй» ЖШС-нің Тұран шағынауданындағы 20 585 шаршы метрді құрайтын «City Otau» тұрғын үй кешеніне де барды. 5 блоктан тұратын тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталып, қазір қабылдануда.
Сондай-ақ, қала әкімі Шым Сити шағынауданында орналасқан 33 936 шаршы метрді құрайтын «Капитал Сити» тұрғын үй кешені, «BI Group» ЖШС-нің Төлеметов көшесі бойында орналасқан «Гранд парк К1» тұрғын үй кешені, 17 шағынауданындағы «Канфар» ЖШС салып жатқан «Бірлік» тұрғын үй кешені аумақтарында болып, атқарылған жұмыстарды қадағалады.
Қазір аталған аумақтарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық тұрғын үйлер жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Жалпы, биылғы жылы қалада 1 млн 73 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарлануда. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 2 млн шаршы метрге дейін жеткізу көзделіп отыр.
Қаладағы тұрғын үй құрылысының барысымен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға ең алдымен жұмыстардың сапалы, өндірістік кестеге сай орындалуын назарға алуды тапсырды. Сондай-ақ, қаланың сәулеттік кескін-келбетін айқындайтын ауқымды жобалар ұсынатын инвесторлар тартуда, бизнес өкілдерімен қолайлы жағдайда әріптестік орнатуда нақты тапсырмалар жүктеді.