Шымкентте «Тюльпан» фильмінің көрсетілімі өтті

0
447

Осыған орай, фильмнің актерлері үшінші мегаполиске арнайы келді.


Шымкентте «Тюльпан» фильмінің көрсетілімі өтті

Шымкент қаласында Сергей Владимирович Дворцевойдың «Тюльпан» фильмінің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Осыған орай, аталған фильмнің актерлері үшінші мегаполиске арнайы келді. Атап айтсақ, Асхат Кучинчиреков, Төлепберген Байсақалов, Оңдасын Бесікбасов, Самал Еслямова шымкенттік көрермендерімен талқылау-кездесу өткізіп, киноны бірге тамашалады.




Кездесу барысында «Тюльпан» фильмінің түсірілімі туралы сөз қозғалды.

2008 жылы жарық көрген «Тюльпан» фильмі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Бетпақдала даласында 4 жыл бойы түсірілген. Кинода қазақ ауылының салт-дәстүрі мен қарапайым өмірі баяндалады.

Кино режиссері Сергей Владимирович Дворцевойдың сөзінше, актерлер фильм түсірілместен бұрын ауыл өміріне үйрену үшін 1 айдан астам киіз үйде тұрған. Ең қызығы, бұл фильмге түскен актерлердің барлығының кино саласындағы алғашқы рөлдері болған. Соған қарамастан барлығы өз рөлдерін керемет сомдаған десек артық болмас.



"Фильм түсіру үшін актерлер далада, бір киіз үйде бір айдан астам уақыт тұруға мәжбүр болды. Олар қой бағып, сол жерде тамақ пісірді. Содан кейін ғана біз кино түсіруді бастадық. Барлығы керемет жұмыс жасады”, - деді режиссер.

Ал, биыл ресейлік және қазақстандық деректі және көркем фильмдердің режиссері, «Ника» сыйлығының иегері, Канн кинофестивалінің лауреаты – Сергей Владимирович Дворцевойдың «Тюльпан» фильмі экранға шыққанына 15 жыл толады.

Актерлердің айтуынша, аталған киноны түсіру оңай болмаған көрінеді. Мысалы, кинода басты рөлді сомдаған Асхат Кучинчиреков рөлі үшін 4 жыл бойы артық салмақ қоспау керек болған. Ал, Самал Еслямова бұл киноға 19 жасында түскен екен. Оның айтуынша, Бетпақдалада өмір сүру өте қиынға соққан. Сондай-ақ, кинода көрсетілген барлық дүниелер шынайы боямасыз жасалған.




Актерлер соған қарамастан барлық қиындықтарды еңсеріп, көрермендерге нағыз Бетпақдаланың өмірін жеткізе білген.

Осылайша, қанша уақыт өтсе де «Тюльпан» фильмі күні бүгінге дейін өз көрермендерін жоғалтпаған. Керісінше аталған киноға деген сұраныс күн санап артуда. Тіпті кейбір елдерде «Тюльпан» фильмін мектептерде көрсетуге ұсынылған.

Айта кетейік, «Тюльпан» фильмі 2008 жылы Канн кинофестивалінде арнайы сыйлыққа және көптеген халықаралық марапаттар мен номинацияларға ие болған.


Ұлбосын Әбілсейітқызы