Шымкентте жағдайы жақсы жолдардың үлесі 70 пайыздан асады

0
428

Құрылыс жұмыстары 202,6 шақырымға жүргізіледі.


Шымкентте жағдайы жақсы жолдардың үлесі 70 пайыздан асады

Биыл Шымкент қаласында 300 шақырымнан астам жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оның ішінде жалпы ұзындығы 236,3 шақырымды құрайтын 297 көше орташа жөндеуден өтеді. Орташа жөндеуден өтетіндердің арасында 24 магистралды көше болса, қалғандары ішкі орамдық көшелер.

Ал, қайта құру және құрылыс жұмыстарына тоқталар болсақ, елеулі нысандардың бірі – А-2 айналма жолы. Оның жалпы ұзындығы 31 шақырымды құрайды және қайта құру жұмыстары 8 кезең бойынша жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Бадам өзенінің үстінен өтетін көпір мен құрылыстың 1-ші және 3-ші кезеңдері аяқталған. Биыл 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
Оған қоса, Оңтүстік, Шығыс айналма жолдарының, Қонаев даңғылы мен Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы мен Адырбеков көшесін қайта құру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Ал, Бәйдібек би мен Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Мамырдың 15-і күні жолайрықтың Арғынбеков көшесіндегі бөлігі пайдалануға берілген болатын.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін Шымкент қаласындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2 пайызға жетіп, шаһарда көлік кептелісі азаяды деген болжам бар.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 350 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылды. Қалада қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында көшелерде жол таңбаларын жаңарту, бағдаршам, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату, жаяу жүргіншілер өткелдері мен оң жақ өткелдер салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері белгіленген аумақтарға 1079 жол белгісі орнатылып, 220-сы жаңаланды, қажеттілігі бар аумақтарға 10 бағдаршам қойылды. Жыл соңына дейін тағы 4 мың дана жол белгісін орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар орындарда жол қауіпсіздігін қамту мақсатында 400 метр жасанды жол кедергілері орнатылды.

Сондай-ақ, Шымкентте биыл жалпы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында 300-ге жуық көше орташа жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары 202,6 шақырымға жүргізіледі. Қазір қала аумағындағы 26 көшеге асфальт төселуде. Асфальттеу жұмыстары Агропром шағынауданындағы Алтынтөбе, Құрсай шағынауданындағы Бекболатов және №1,2,3,4,5,6 көшелерде, Айнатас тұрғын алабында Шоқтас және Боғылысай, Асар-2 шағынауданында Күншоғыр және №1,2,3 көшелерде, Ақжайық шағынауданында Шұбарсу, Сәдуақасов, Алпысбаев көшелерінде, Қызылжар шағынауданында Маралды көшесінде, Орманшы тұрғын алабындағы Алатау және Қажымұқан, 1,2 көшелерде, Базарқақпа тұрғын алабында Алай көшесінде аяқталды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жоспарға енгізілген барлық көшеде жалғасады. Нәтижесінде мегаполис жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 71,2 пайызға жетеді.