Шымкентте жастар арасындағы спорттық турнирдің жабылу салтанаты өтті

0
492

Аталған іс-шараның мақсаты – шалғай елді мекендерде жастарды дене шынықтыру және спортқа тарту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру.


Шымкентте жастар арасындағы спорттық турнирдің жабылу салтанаты өтті

Шымкент қаласында «Құқықтық сауаттылық, өмірлік маңызды дағдылар және спорттық сайыстар» жобасы аясында жастар арасындағы спорттық турнирдің жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған іс-шараның мақсаты – шалғай елді мекендерде жастарды дене шынықтыру және спортқа тарту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Қалаға жаңадан қосылған және шалғай елді мекендердегі тұрғындар арасында спорттың волейбол, үстел теннисі, кіші футбол, шахмат түрінен үздіктер анықталды. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған іс-шараға жалпы 16 команда қатысты.

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов жеңімпаздарды марапаттау жиынында жастарды үнемі спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Сайыс нәтижесінде волейболдан Асар, кіші футболдан Қайнарбұлақ, шахматтан Асар, теннистен Тоғыс командалары жеңімпаз атанды.

Барлық қатысушылар алғыс хатқа ие болып, жеңімпаздарға құнды сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, 2022 жылдың 9 айында біздің спортшыларымыз түрлі спорт түрлері бойынша жалпы 1629 медаль жеңіп алды. Оның ішінде, Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 491 алтын, 454 күміс, 470 қола медаль алып, Азия чемпионаттарында 59 алтын, 34 күміс және 52 қолаға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 31 алтын, 20 күміс және 18 қола медальға ие болды. Бұдан басқа, биылғы жылдың 12-23 мамыр күндері аралығында Францияның Нормандия қаласында өткен Дүниежүзілік гимназияда ойындарына 11 спорт түрінен 23 спортшымыз қатысып, нәтижесінде қаламыздың қоржынына 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль әкелді.
Ал, 13-15 мамыр күндері Испанияның Мальграт-де-Мар қаласында өткен Еуропа чемпионаттарына комбат дзю-дзюцудан 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңіп алса, АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен XI Дүниежүзілік ойындарына 3 спортшы қатысып, Берульцева Софья каратэден 1-орынды жеңіп алса, құзға өрмелеуден Улжабаева Тамара мен каратэден Дархан Асадиловтар 7-ші орынды иеленді. Түркияның Конья қаласында өткен V Ислам ынтымақтастық ойындарына қаламыздан 12 спортшы қатысып, нәтижесінде спортшыларымыз 5 алтын, 4 қола медаль жеңіп алды.