​Шымкентте жастар туризм саласын дамытуға арналған жобаларын ұсынды

0
459

Студенттер туризмнің 4 даму бағыты бойынша өз жобаларын ұсынды.


​Шымкентте жастар туризм саласын дамытуға арналған жобаларын ұсынды

Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің туризм саласында білім алып жүрген студенттерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сондай-ақ, алдын ала жарияланған конкурсқа сәйкес, туризмнің 4 даму бағыты бойынша студенттер өз жобаларын ұсынды.
Атап айтар болсақ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Эф-19-8ДТК тобының студенті Арапова Г.М елімізде “Maxx Royal” қонақүйін салуды ұсынды.


“Біз “Maxx Royal” қонақүйін Күнгей Алатауының аумағында орналастыруды жоспарлап отырмыз. Қонақүйдің бұл түрі қызмет көрсетудің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Атап айтатын болсақ, бірінші кезекте келушілер үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалады және айналасы көркем табиғатпен қоршалады. Онда жасыл ландшафты аймақта ұзақ серуендеу, спортпен және экотуризммен айналысуға болады”, - деді ол.
Қатысушының сөзінше, қонақ үй бөлмелері табиғи жылы түстермен боялады және экологиялық таза жабдықтармен жабдықталады. Сонымен қоса, балкондардан табиғаттың керемет көрінісін тамашалауға болады.
Аталған қонақүй басқаларынан табиғатпен тығыз байланыста болуымен ерекшеленеді. Қонақүй аумағында таутекелер таудан түсіп, қонақтардың арасында еркін жүре алады. Тіпті қонақтар таутекелерді қоректендіре алады.
Ал, Ст-20-9к тобының студенттері Швецияның солтүстік-шығысында, Харадс қаласында көптеп қолданылатын ерекше қонақ үй түрін Бурабайда салу туралы ұсыныстарын айтты.
Яғни, осы жоба арқылы Бурабай табиғатынның ерекшелігін әлемге танытуды көздейді.

Жоба авторларының сөзінше, аталған нысан қарағайлы орманда орналасқан ағаш кабиналарынан тұратын бірегей қонақ үй болады. Нөмірлердің ауданы - 15-тен 25 шаршы метрге дейін. 3-тен 6 метр биіктікте орналасқан бөлмелерге көтерілу аспалы көпір немесе арнайы лифт арқылы жүзеге асырылады.
Келесі кезекті белсенді жастардан құралған “Nomad Tour” ұжымы өз жұмыстарымен бөлісті. Аталған ұжым 1 жылдан бері еліміздің көрікті және киелі жерлерін көрсету әрі тарихымен таныстыру арқылы ішкі туризмді дамытумен айналысады. Олар бір жылдың ішінде 2500-нан астам адамды саяхатқа алып шыққан. Өз елімізден бөлек, 7 мемлекеттен 70-ке жуық туристтерге еліміздің әсем табиғатын таныстырған.


Іс-шара барысында “Nomad Tour” ұжымы өз кәсіптерін одан әрі кеңейтуді қалайтындарын жеткізді. Еліміздің туризм саласын дамытуға өз үлестерін қосқысы келетінін баса айтты.
Комиссия құрамы студенттер ұсынған әр жобаның маңызын ескере, ұтымды деп тапқандарын қолдап, арнайы сертификаттар берді.
Айта кетейік, басқарма тарапынан да осы жобаларды іске асыруда қолдау көрсетілетін болады.
«Ең алдымен Сіздерді өткен мерекелеріңіз - Халықаралық студенттер күнімен құттықтаймын. Туризм саласының қала үшін, қаламыздың дамуы үшін маңызы жоғары. Бүгін Сіздерге осы бағытта тәжірибемен бөлісіп, ұсыныстарыңызды тыңдап, жұмыспен қамту мәселесін қарастыру үшін келіп отырмыз», - деген Ерлан Ермекұлы студенттерге туризм саласында бизнес бастаудың оңтайлы жолдарын да атап өтті.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарова өз сөзінде Туризм мамандығы сұранысы бар сала екенін айтып өтті.
“Мұндағы жастар түрлі жобалар жасап, белсенділік танытады. Жалпы, «Халықаралық туризм және сервис» кафедрасы - «Спорт және туризм» факультетінің құрамында. Мұнда туризм және ресторан ісі мен қонақ үй бизнесі бойынша жалпы саны 345 студент білім алып жатыр. Оның ішінде магистратура студенттері де бар. Студенттердің басым бөлігі жергілікті және Түркістан облысының жастары. Одан өзге, Қызылорда, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, сонымен қатар, шетелден келіп білім алып жатқан студенттер де бар”, - деді Дария Қожамжарова.
Одан өзге, кездесуге арнайы келген “Rixos Water world Aktau” курорттық қонақ үйінің басқарушысы Серік Исағалиев те еліміздің және Маңғыстау облысының да туристік мүмкіндіктері жайлы айтып өтті.
“Туризм факультетінде оқитын студенттерді өзімізге шақыртуға ұсыныс жасап жатырмыз. Өткен жылы Түркістаннан 120 студент келді. Сонымен қатар, Астана мен Алматы қалаларынан да студенттер келді. Бұл туризмде оқитын студенттер үшін үлкен тәжірбие деп білеміз. 2023 жылы оңтүстік өңірінен 100-150 студент аламыз деген жоспар бар”, - деді Rixos Water World Aktau және Tetysblu тематикалық паркінің директоры Серік Исағалиев.
Кездесу соңында студенттерге қала тарихы, туристік мүмкіндіктері жайлы сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға сыйлықтар берілді. Оқытушылар мен белсенді студенттер мерекелік алғыс хаттармен марапатталды.