Шымкентте жыл басынан бері 700-ден астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

0
409

Қандас мәртебесін алған азаматтардың 384-і ер адам және 330 әйел адам.


Шымкентте жыл басынан бері 700-ден астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Шымкентте жыл басынан 506 отбасы тарихи отанына оралып, 714 этникалық қазақ "қандас" мәртебесін алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алты айға кандас мәртебесін ұзартқандар саны 34 отбасынан 46 адамды құраған.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қандас мәртебесін алған азаматтардың 384-і ер адам және 330 әйел адам. Олардың 199 –ы 18 жасқа дейінгі жастар, 49 зейнеткер және қалған 466-ы еңбекке қабілетті азаматтар. Оның ішінде 74 адам жоғары білімді, 218 орта арнайы білімді, 156 азамат жалпы орта білімді.
Қандастардың дені - Өзбекстан Республикасынан қоныс аударғандар. Көрші елден 701 адам қоныс аударып отыр. Қытайдан – 3 адам, Ресейден – 7 азамат, Қырғызстаннан – 1 және Ауғанстаннан 2 адам келген. Қоныс аударған қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында, сауда –саттықпен және басқа да жалдамалы жұмыстармен айналысуда.
Шымкентте оларға қолдау көрсету мақсатында 2008 жылдан бері "Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы" жұмыс істейді.
Орталықта бүгінде 13 отбасынан 29 адамға бейімдеу қызметтері көрсетілуде. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына орталықта қандастарға тұрмыстық, әлеуметтік, психологиялық, құқықтық тұрғыда көмектер ұсынылып, кәсіби даярлау бойынша мамандықтарға оқыту, жұмысқа орналастыру қызметтері көрсетіледі.
Қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан 69 қандас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Атап айтқанда бос жұмыс орындарына, жастар практикасы және әлеуметтік, алғашкы және қоғамдық жұмыс орындарына жолданған. 39 адам «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде білім алған.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Әлеуметтік кодексі және ҚР 2022-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы аясында этникалық көші-қонды дамыту және қолдау бойынша жаңа заңнамалық бастамалар енгізілді. Бұдан басқа, Enbek.kz порталы арқылы осы пилоттық жобаны (қандас мәртебесін беру және қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі қызметтер) іске асыру шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмі енгізілген болатын.