Шымкенттегі барлық мектепте «Эко-сағат» кең көлемді акциясы өтті

0
1 837

Бұл бастама аясында жалпы саны 5000 ағаш көшеттері егілген.


Шымкенттегі барлық мектепте «Эко-сағат» кең көлемді акциясы өтті

Шымкент қаласындағы мектептерде кең көлемді акция өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Шымкент қаласының барлық мектептерінде «Эко-сағат» кең көлемді акциясы басталды. Сондай-ақ, Республика көлемінде бастау алған акция шеңберінде қаладағы №89 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған іс-шараға арнайы барып қатысып, оқушылармен бірге ағаш отырғызған қала әкімі Ерлан Айтаханов табиғат – адамның күнкөріс көзі екенін, жасөспірімдерге қоршаған ортаны қорғау керектігін айтып түсіндірген.

«Балаларды еңбек ету тәсілдеріне баулу қажет. Бұл бағытта жылыжайды оқу-тәжірибелік учаскесі ретінде пайдаланып, биология, табиғаттану, еңбек пәндерінде практикалық сабақтар өткізу дұрыс деп санаймын. Табиғат қамқоршысы бола білген халқымыздың дәстүрін танып білу, олардың ісін әрі қарай жалғастырушы бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге ету ұстаздардың басты борышы», - дейді Ерлан Қуанышұлы өз сөзінде.

Сонымен қатар, аталған іс-шара аясында әкім мектеп-лицейдің «Флора&Фауна» жаратылыстану пәндері лабораториясының және мектеп жанынан құрылған жылыжаймен, оқушылардың табиғи қалдықтардан жасаған бұйымдар көрмесі, мектеп оқушыларының бақыт гүлі (хризантема) және қызанақ өсіру технологиясы туралы жасаған ғылыми жобаларымен танысқан.


Айта кетейік, акцияға үшінші мегаполистегі 148 мектеп пен онда білім алатын 200 мыңға жуық оқушы қатысып, жалпы саны 5000 ағаш көшеттері егілген.