"Шымкенттегі білім саласында былық көп" - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы

0
162

Мониторинг нәтижесінде көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған орта және мектепке дейінгі білім беру жүйесіне ерекше назар аударылды.


Бүгін Шымкент қаласының әкімі М. Әйтеновтың төрағалығымен өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қалалық Сыйбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы А.Жұмағалидың айтуынша, орган қызметінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басымдыққа ие, сонымен қатар, Заңның үстемдігі және сыбайлас жемқорлық үшін жазалаудың бұлтартпастығы маңызды қағидат болып қала береді.

«Өткен жылы Департаментпен 60 қылмыс тіркеліп, 58 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 39 адам түрлі жаза түріне сотталды. Жоғарыда көрсетілген тұлғалардың 10-ы мемлекеттік органдарда әр түрлі басшылық лауазымдарды атқарған, олардың 1-і республикалық, 6 облыстық және 3 аудандық деңгейдегі басшылар. Тіркелген қылмыстардың негізгі үлесі парақорлық (26) және жымқыру (13) фактілеріне тиесілі. Жалпы, құжаттарды рәсімдегенде, оң қорытынды бергенде, қамқорлығы, жұмысқа орналастырғаны, қылмыстық істерді тоқтатқаны және әкімшілік хаттама толтырмағаны үшін заңсыз сыйақы алады» - деді Департамент басшысы.

Ол сондай-ақ, жер қатынастары, білім беру, кәсіпкерлік, әкімдіктердің салалық басқармаларының ұйымдастыру-басқару қызметінде елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталғанын атап өтті.

Мониторинг нәтижесінде көптеген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған орта және мектепке дейінгі білім беру жүйесіне ерекше назар аударылды.

"Білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтарды аттестаттау және тағайындау үшін заңсыз сыйақы алу орын алуда. Білім басқармасы, орта мектеп директорлары тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан, шын мәнінде, сыбайлас жемқорлықты туындатқан кейбір қалалық оқу ұйымдарында оқушылар саны тиісті нормалардан бір жарым, тіпті екі есе асып түседі. Мониторинг жекелеген мектеп директорларының 10 жылдан 30 жылға дейін өз қызметтерін атқаратынын көрсетті. Әрине, бұл мекемелердің қабырғаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдар балаларды оқытқан фактілер де анықталды. Тіпті жалақысы төмен жұмысқа тұрғызу үшін пара алған жағдайлар да кездесуде. Біз білім беру мекемелерінде адамдарды жұмысқа орналастыру тетігін түбегейлі өзгерту қажет деп ойлаймыз. Ең бастысы-басшылардың араласуын азайту." ,- деді Департамент басшысы.

Тұтастай алғанда, осы салада ұйымдастырушылық-басқару сипатындағы жүйелі шараларды қабылдай отырып, жіті аудит жүргізу ұсынылды.

Жиын соңында қала әкімі М. Әйтенов Елбасы мен Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты басымдықтар қойғанын атап өтті.

«Біздің ортақ мақсатымыз-қоғам мен мемлекет игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою үшін бірлескен күш-жігерімізді біріктіру. Тек шешуші шаралармен ғана біз жағдайды түбегейлі өзгертіп, азаматтарымыздың сенімін арттыра аламыз» - деді қала әкімі.

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет