Шымкенттегі күн электр станциясы сағатына 15-17 мың кВт электр энергиясын өндіреді

0
1 260

Аталған электр станциядан алатын қуат көлемі жалпы тұтыну көлемінің 4%-ын құрайды.


Шымкенттегі күн электр станциясы сағатына 15-17 мың кВт электр энергиясын өндіреді

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Заман дамыған сайын электр энергиясына деген сұраныс та соғұрлым арта түсетіні белгілі. Бірақ, барлық нәрсенің сарқылатын уақыты болады. Бүгінде әлем бойынша электр энергиясы күрделі мәселеге айналып келеді. Көп елдерде электр қуатының тапшылығы орын алуда. Аталған мәселені шешу мақсатында электр қуатын алатын балама жолдар қарастырылуда. Соның бірі - электр энергиясын өндіру үшін күн сәулесін пайдаланатын электр станциясы.


Күн энергетикасы дегеніміз – дәстүрлі емес энергетика бағыттарының бірі. Ол күннің сәулеленуін пайдаланып қандай да бір түрдегі энергияны алуға негізделген. Күн энергетикасы энергия көзінің сарқылмайтын бір түрі, әрі экологиялық жағынан да еш зияны жоқ.

Күн электр станциясы – экологиялық тұрғыда таза, дыбыссыз, қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы, оның үстіне өз құнын жүз пайыз ақтайтын тиімді қондырғы. Жұмыс істеу мерзімі шамамен отыз жыл. Күн энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғылардың бірі – күн батареялары. Күн батареясы немесе фотоэлектрлік генератор – күн сәулесінің энергиясын электр энергиясына айналдыратын шала өткізгішті фотоэлектрлік түрлендіргіштен (ФЭТ) тұратын ток көзі.


Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда үшінші мегаполисте күннен қуат алатын бір күн электр станциясы бар. Оны 2019-2020 жылдары «Авелар солар технолоджи» ЖШҚ Ресей мемлекеті өндірушісі өз қаражаты есебінен салған. Жоба құны 6,2 млрд. теңгені құрайды (20 млн АҚШ доллары).

Ол қала аумағындағы Айкөл тұрғын алабында орналасқан. Қуаттылығы 20 МВт/сағ құрайды.

Жоба 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда, күн электр станциясымен өндірілген электр қуаты «КЕГОК» АҚ-ның қаржылық есеп айырысу орталығы (РФЦ) арқылы аталған мекеменің қосалқы станциясы арқылы қалаға берілуде.
Аталған электр станциядан алатын қуат көлемі жалпы тұтыну көлемінің 4%-ын құрайды.
Күн электр станциясы 50 гектар жер аумағын алып отыр. Аталған станция сағатына 15-17 мың кВт электр энергиясын өндіреді. Бүгінгі таңда Айкөл тұрғын алабында орналасқан станция тұрақты жұмыс жасауда.

Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының дерегінше, қазіргі таңда шаһардың электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз.
Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды. Биылғы жоспар бойынша «Ақжар»110КВ қосалқы іске қосылып, Достық-2, Батыс, Тұран, Жаңаталап, Сәуле (276 орам) және Нұртас шағын ауданының тұрғындары мемлекеттік жүйедегі электр жарығына қол жеткізеді деп жоспарлануда. Ал, 2023 жылы Қайнарбұлақ пен Солтүстік саяжай, Асар-2 (2-кезек) желі құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Қала халқының өсіміне қарай сапалы электр қуатымен қамту үшін 2023-2025 жылдары 6 қосалқы станцияның құрылысы жоспарланып отыр.

ERNUR.KZ