Шымкенттегі оқушылардың жаппай улануы: Олимпиада санэпидемиологтармен келіспей өткізілген

0
545

Олимпиадаға қатысуға келгендердің барлығы қаладағы оқу орындарының жатақханаларына орналастырылған.


Шымкенттегі оқушылардың жаппай улануы: Олимпиада санэпидемиологтармен келіспей өткізілген

Шымкент қаласында өткен жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиада Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен келіспей және өтетіні жөнінде хабардар етілмеген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Алдарқұл Райымқұлұлы брифинг барысында мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне 22 наурыз күні жұқпалы аурулар ауруханасынан 12 оқушы«Жедел ішек инфекциясы, жедел гастроэнтерит, ауыр дәрежесі, 2 дәрежелі сусыздану болжамды диагнозымен жатқызылғаны туралы хабарлама түскен.

Осыған байланысты, жедел жүргізілген санитариялық-эпидемологиялық зерделеу барысында оқушылар Шымкент қаласына 2023 жылдың наурыз айының 20-25 күндер аралығына жалпы білім беретін пәндер бойынша жаратылыстану-математикалық бағытындағы Республикалық олимпиадаға қатысуға басқа аймақтардан келгені анықталды.

Барлығы 784 оқушы және 76 команда жетекшілері келген. Олимпиадаға қатысуға келгендердің барлығы үш мекенжай бойынша қаладағы оқу орындарының жатақханаларына орналастырылған:

- Ж.Адырбеков көшесі, №135 «Білім инновация» ер балаларға арналған №1 лицей интернатында 282 бала және 24 команда жетекшілері;

- Г.Орманов көшесі №13a «Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатында» 246 бала және 24 команда жетекшілері;

- Дулати көшесі 200Б мекен жайдағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің №5 жатақханасында 256 бала және 28 команда жетекшілері.

22 наурыздан бастап 23 наурызға дейін қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 15 науқас оқушы «Жедел ішек инфекиясы, жедел гастроэнтерит, ауыр дәрежесі, 2 дәрежелі сусыздану?» болжамды диагнозымен жатқызылды.

“Барлық 15 науқас Дулати көшесі 200Б мекен жайда орналасқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің №5 жатақханасында тұрған. №5 жатақхана тұрғындары үшін тамақтану (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) осы жатақхананың буфет-асханасында ұйымдастырылған, ал тамақ Ильяев көшесі, 8 мекен-жайдағы М.Әуезов атындағы ОҚУ «А» корпусының асханасында әзірленіп, 5 жатақханаға автокөлікпен жеткізіліп отырған. Зерделеу барысында зертханалық зерттеулерге тағам үлгілері, су сынамасы, сүртінді, асхана қызметкерлерінен бактерия тасымалдаушылыққа бактериологиялық зерттеуге анализдер алынды. Сүртінділерді зерттеулер нәтижелері бойынша ішек таяқшасы тобындағы бактериялар (ІТТБ) табылды”, - деді ол.

25 наурыз күні барлық 15 науқас бала сауығып, стационардан шығарылды. Барлық балаларда бактериологиялық зерттеулер нәтижесі - теріс, «Басқа және анықталмаған гастроэнтерит және инфекциялық колит» қорытынды диагнозымен шығарылды.

Сондай-ақ, 2023 жылдың 23 наурызында №5 жатақханада тұратын 1 олимпиадаға қатысушы «Желшешек» диагнозымен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, бүгінде жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдауын жалғастыруда.

Зерделеу жүргізу нәтижесінде келесі шаралар қабылданды:

- Департаментпен келісім бойынша 2023 жылғы 23 наурыздан бастап №5 жатақханада тұратын олимпиадаға қатысушыларды тамақтандыру №1 қалалық мектеп-гимназиясының асханасына ауыстырылды;

- Берілген ұсыныстарға сәйкес, оқушылардың қатысуымен өтетін олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі тоқтатылды;

- 2023 жылдың 3-8 сәуірінде Шымкент қаласында өткізу жоспарланған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың форматы қайта қаралды, енді олимпиада аймақтарда өткізіледі.

Науқастармен қарым қатынаста болғандардың барлығына медициналық бақылау жүргізілді. Зерделеу және санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралар жалғасуда.