Шымкенттегі такси көліктері бірыңғай кейіпке енгелі жатыр

0
1 416

Бұл бастаманы қаладағы таксомоторлы компания басшылары қолдап отыр.


Шымкенттегі такси көліктері бірыңғай кейіпке енгелі жатыр

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында такси көлігінің қызмет сапасын арттыру шаралары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Шымкент қаласы туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қалқабаев Азамат 2019 жылдың алғашқы 6 айында туризм басқармасының атқарған жұмыстары туралы өткен баспасөз брифингінде мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қазір такси көлігінің қызмет сапасын арттыру мақсатындағы бастама аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Astana Taxi» ассоциациясының үлгісінде таксомоторлы компанияларды бірегей ассоциацияға біріктіру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Такси көліктерінің бірыңғай стилі әзірленіп, компания өкілдеріне ұсынылды. Өз кезегінде таксомоторлы компания басшылары бірыңғай стильде көліктерін безендіруге дайын», - деді Азамат Мұратбекұлы.

Сонымен қатар, туристерге ақпараттық қолжетімділікті арттыру үшін басқарматарапынан «Шымкент 24 сағатта», «Шымкент. Тарих ізімен», «Балаларға арналған Шымкент» тақырыбында 60 мың бүктеме, 77 мыңнан астам туристік карталар, «Шымкенттегі үлкен экскурсия» атты 350 кітапша шығарылған.

Оған қоса, «SCAT» әуекомпаниясының «Аспан» борттықжурналында ай сайын Шымкент қаласы туралы мақалалар жарық көріп, әуеборттарында аудиохабарламалар жарияланса, ұшақ орындықтарының артқы қалтасына Шымкенттегі туристік бағыттар туралы ақпарат берілген бүктемелер орналастырылған.


Айта кетейік, аталған басқарма бүгінгі таңда Шымкент қаласы 2020 жылы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» атануына орай Мәдениет басқармасымен бірігіп іс-шаралардың жобасын әзірлеп жатыр екен.