Шымкенттегі вокзалда мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды жағдай жасалмаған

0
1 376

Тексеру барысында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалынған жағдайлардың ешбірі талапқа сай келмейтіндігі анықталды.


Шымкенттегі вокзалда мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды жағдай жасалмаған

«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмай, емін-еркін жүріп-тұруына оңтайлы жағдай жасап, кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында рейдтік шарасын жүргізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Осы мақсатта арнайы Шымкент қаласындағы теміржол вокзалына барған болатын. Тексеру барысында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалған жағдайлардың ешбірі талапқа сай келмейтіндігі анықталды. Темір жол вокзалы алдында орналасқан баспалдақпен олардың өздігінен көтеріле алмайтындығы белгілі. Сондықтан, мұнда келген мүмкіндігі шектеулі азаматтар арнайы пандустың қызметіне жүгінетіні анық. Алайда, бақылаушылар бұл пандусың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тіпті де қолайсыз екендігін айтты.


«Қазір теміржол вокзалындағы ахуалмен таныстық. Ешқандай мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жоқ. Теміржол вокзалы жетекшісінің сөзінше, мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл нысан 2013 жылы реконструкциядан өткен екен. Егер ғимарат 2015 жылдың 1 шілдесінен кейін салынған болса, онда бүкіл ғимарат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, біздің елімізде белгіленген барлық мемлекеттік стандарттармен жұмыс жасауы тиіс. Бірақ, қазір біз көрген пандустар талапқа сай келмейді. Біздің мақсатымыз, Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне хат жазу. Ал дәл осы мәселе жөнінде Шымкент қаласындағы теміржол вокзалына айыппұл да салынған. Бірақ, оларға талапты орындаудан, айыппұл төлеу оңай секілді»,- деді «Үркер-Үміт» балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік-психологиялық ақтау мен бейімделу орталығының төрағасы Д.У. Омарова.

Ал, «NUR OTAN» партиясы Шымкент қалалық филиалы партиялық Бақылау комиссиясының төрағасы Дария Қожамжарова бұл мәселенің шешімін табу үшін жұмыс жасаймыз деп отыр.

«Бұл іс-шара мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға жасалған жағдайдың қандай екендігін көрсетіп отыр. Оған арнайы мемлекеттік стандарттар бар. Осы мемлекеттік стандарттардың көп жерде қолданылмағандығын көрдік. Енді осы мәселені шешуді жоспарлап отырмыз. Қазір «Nur Otan» партиясының алдына қойып отырған мақсаты – осы. Кемшіліктерді анықтадық. Ендігі жоспарымыз – осы мәселеге байланысты бюджеттен ақша қарастыру. Қала әкімдігі мен құзырлы органдарға арнайы хаттар жолдаймыз және осы мәселені тез арада шешуді қолға аламыз», - деді.