Шымкенттегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

0
453

Екі санитар әйел жансақтау бөліміне түскен, қазір біреуін жалпы бөлімге ауыстырып жатыр.


Шымкенттегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Шымкенттегі жарылыс кезінде жарақат алған адамдардың жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысы М.Пашимовтың және "Ана мен бала денсаулығын сақтау" департаментінің директоры М.Ембергенованың қатысуымен өткен брифинг барысында айтылды.
Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының сөзінше, зардап шеккен 7 адамның ішінде бесеуі – перинаталдық орталықтың қызметкерлері. Төртеуі кіші буын қызметкерлері болса, біреуі – медбике. Қазіргі кезде олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
"Екі санитар әйел жансақтау бөліміне түскен. Біреуі бастан жарақат алды, оң аяғына да зақым келді. Ол жансақтау бөлімінде, жағдайы тұрақты. Екінші санитар әйел де жарақат алды, оны жалпы бөлімге ауыстырып жатырмыз. Сонда жансақтау бөлімінде бір адам қалып отыр. Бірақ оны да дүйсенбі күні жалпы бөлімге ауыстырамыз", - деді ол.
Жарылыс кезінде жарақат алған тағы екі адам – жұмысшы. Олар перинаталдық орталықта күрделі жөндеу жұмыстарын жасап жүрген.
Басқарма басшысының айтуынша, перинаталдық орталықта өрт болмаған. Жарылыстың қатты болғаны сонша, толқыны ғимаратты зақымдап жіберген, терезелері сынып, кейбір қабырғалары бұзылған.
"Мен орталық ұжымына үлкен алғысымды айтайын деп едім. Кеше жарылыстан кейін біреуі де жұмысын тастап кеткен жоқ. Барлығы жұмылып, соңына дейін жүрді. Далада жүрген адамдар да көмекке жетіп келді", - деп атап өтті басқарма басшысы.

Айта кетейік, жарылыс салдарынан перзентханадағы әйелдер зардап шеккен жоқ, дегенмен олар күйзеліске ұшыраған, әйелдерге кәсіби мамандардың психологиялық қолдауы көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, жарылыс кезінде үш әйелдің толғағы келіп, басқа перинаталды орталыққа жіберілгені белгілі болды

Жарылыстан кейін үйінді арасынан 1979 жылы туған күзетшінің мәйіті табылды. Сондай-ақ перзентханада жатқан бір нәресте мен жөндеу жұмыстарын жасап жүрген 1980 жылғы жұмысшы көз жұмды.

"Қаза болған күзетші 3 ай бұрын ғана үйленген, жас отбасының несиесі бар. Түркістан облысының әкімдігі жерлеу қызметтерін көрсету бойынша барлық шығынды өз мойнына алады. Екінші марқұмның отбасына жұмыс берушінің ("АвтоРемСтрой" құрылыс компаниясы - авт.) есебінен материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Жарылыс кезінде бір нәресте қаза тапты. Бұл адамдар нақты неден қаза тапқаны сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады", - деді М. Пашимов.

Еске салсақ, кеше, 21 мамырда Шымкентте аурухананы қажетті препараттармен қамтамасыз ететін дәріханада жарылыс болды. Дәріхана перинаталды орталықтың маңында орналасқан.