Шымкентті көріктендіруге дизайнерлер атсалысып жатыр

0
552

Алдағы уақытта арнайы орындарға жалпы саны 550 мың түп көпжылдық және біржылдық гүлдерді отырғызу жоспарлануда.


Шымкентті көріктендіруге дизайнерлер атсалысып жатыр

Шымкент қаласын көріктендіру шараларына дизайнерлер атсалысуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі таңда Тұран ауданы аумағындағы айналма жолдардың жиегі көпжылдық гүлдермен көмкерілуде. Сальвияның - 6 000, цинерарияның - 2500, остеоспермумның - 1500, шафранның - 6000 данасы белгіленген аумақтарға отырғызылуда.

Алдағы уақытта арнайы орындарға жалпы саны 550 мың түп көпжылдық және біржылдық гүлдерді отырғызу жоспарлануда. Көріктендіру шараларына жұмысшылар мен техникалар жұмылдырылып, агрономдар мен дизайнерлер атсалысуда.

Бұдан бөлек, қалада “Қызғалдақтар маусымы” басталды. Үшінші мегаполистің символына айналған қызғалдақтар бүгінде бүр жарып, қаланың көркін айшықтай түсті. Сары, қызыл, көк, күлгін түсті қызғалдақтардың 1 миллион данасы айналма жолдар мен орталық көшелерге, саябақтар мен гүлзарларға отырғызылды. Голланд қызғалдақтары әр ауданға орташа есеппен 200 мың дана егілді.

Сондай-ақ, биыл күзгі маусымда қала аумағына отырғызылатын көктем гүлдерінің санын 2 миллион данаға жеткізу жоспары бар. Өз кезегінде бұл гүлдер қала сәнін одан сайын кіргізері анық.

Айта кетейік, Шымкент қаласында өткен жылдың қазан айында бастау алған «Менің гүлді аулам» байқауының жеңімпаздарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Аталған байқауға жалпы қала бойынша 100-ге жуық көпқабатты үй өтінім тастап, арнайы құрылған комиссия мүшелері әр ауланы аралап, тұрғындармен кездесіп, критерийлерге сәйкес бағасын берді. Енді сәуір айының соңына дейін жеңімпаздарды марапаттау шарасы қалалық фестиваль форматында ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, қаланың туристік мүмкіндіктерін жарнамалау мақсатында өңірдің туристік нысандары мен гастрономиясы туралы интерактивті альбом дайындалуда. Альбомға туристердің арасында танымал 20 нысан мен ұлттық тағамдар туралы 3 тілде ақпарат берілетін болады.