Шымкенттік дәрігерлер 15 күндік сәбиді өлімнен аман алып қалды

0
1 296

Әкесінің айтуынша, баланы шөлмек арқылы қоспамен тамақтандырғанда ол тұншығып, дем алмай қалған.


Шымкенттік дәрігерлер 15 күндік сәбиді өлімнен аман алып қалды

Шымкентте жедел жәрдем қызметінің мамандары бөтелкемен сүт ішіп жатып, тұншығып қалған 15 күндік нәрестені аман алып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарламасына сілтеме жасап.

17 қаңтарда сағат 00.59-да Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем қызметіне 15 күндік нәрестеге шақырту келіп түскен. ЖМК бригадасы 12 минута үйге жетіп, баланы бірден тексеруге кіріскен. Сәби ес-түссіз болған, пульс жоқ және тыныс алмағандықтан клиникалық өлім анықталған. Әкесінің айтуынша, баланы шөлмек арқылы қоспамен тамақтандырғанда ол тұншығып, дем алмай қалған.

"Дәрігер мен фельдшер дереу реанимациялық шараларды жүргізген. Нәтижесінде екі минут өткен соң бала есін жиып, тыныс алуы және пульсі қалпына келген. Сондай-ақ жүрек қағысы дұрысталған. Жедел жәрдем көрсетілгеннен кейін нәресте әрі қарай тексеруден өтіп, емделуі үшін Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасына жатқызылды", - деп жазылған хабарламада.

Осыған ұқсас жағдайды бірнеше күн бұрын басқа жедел жәрдем қызметкерлерінде орын алған. 13 қаңтарда 103 пультіне 15 күндік балаға шақыру түскен. Анасы перзентін емізіп отырғанда баланың аузы-мұрынынан сүт ағып жатқанын және тыныс алмай тұрғанын байқаған. Дәрігерлер келген кезде науқастың жағдайы ауыр болып, клиникалық өлім анықталған. Реанимациялық шаралар жүргізгеннен 3 минуттан кейін балада жүрек қағысы, тыныс алу және пульс қалпына келтірілген.

Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін нәресте № 2 облыстық перинаталдық орталыққа ем қабылдауға жатқызылған.