​Шымкенттік кәсіпкерлер субөнімдерін экспортқа шығара алмай отыр

0
2 416

Кәсіпкерлердің бірі қоян өсіруді мал шаруашылығының бағыты ретінде енгізуді ұсынды.


​Шымкенттік кәсіпкерлер субөнімдерін экспортқа шығара алмай отыр

Шымкентегі мал бордақылау және мал сою бекеттері субөнімдерін экспортқа шығара алмай отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде кәсіпкер Тахирбек Нишанбаев Шымкенттегі мал бордақылау және мал сою бекеттері малдың субөнімдерін карантиннің кесірінен экспортқа шығара алмай отырғандығын жеткізді.

- Өзбекстандағы сібір жарасы Қазақстанда жануарлардан анықталғандығына байланысты Акмола облысы және Шымкент қаласынан шығатын мал өнімдерін импорттауға карантин жасаған. Алайда ауру Шымкент қаласында расталмады. Дегенмен карантиндік шаралар Өзбекстан тарапынан алынған жоқ, - дейді агроөнеркәсіптік кешені және тамақ өнеркәсібі комитетінің мүшесі Тахирбек Нишанбаев.

Сондай-ақ, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау ережелеріне сәйкес, жем-шөп шығындарын төмендету үшін субсидиялар тек аналық басқа берілетінін, бұқаларға берілетін жемді субсидиялауды енгізу керек екенін де баса айтып өтті.

Сонымен қоса, «Золотой крол» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Макарова Екатерина Қазақстандағы қоян өнеркәсібінің толыққанды мал шаруашылығы ретінде танылмағанын және мемлекет тарапынан ешқандай қолдау қаралмағанын жеткізді.

Бүгінде бұл сала өздігінен дамып келе жатыр және келешегі зор кәсіп деуге болады. Қоян өнімдеріне сұраныс жыл сайын артып жатыр. Соңғы 2 жылда нарық көлемі бес есеге дейін өскен.

Айта кетерлігі, қоян еті диеталық тағам болып саналады және асқазан, бауыр және жүрек қан-тамырлары аурулары бар балалар мен қарт адамдарға ұсынылады. Қазақстанда өнімге сұраныстың артуына байланысты өндірістік қоян өсіру дамып жатыр. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында өндірістік қоян өсірумен айналысатын 135-ке жуық шаруа қожалығы бар, оның 44-і Шымкентте.

Макарова Екатерина осы қоян өсіруді мал шаруашылығының бағыты ретінде енгізуді және қоян өсіру институттарын қайта құруды ұсынды.