Шымкенттік мыңнан астам медицина қызметкері шетелде біліктілігін арттырады

0
900

Израиль, Германия, Ресей, Литва елдерінде білім алады.


Шымкенттік мыңнан астам медицина қызметкері шетелде біліктілігін арттырады

2020 жылы Шымкент қаласының 1045 медициналық қызметкері шетелде біліктілігін арттырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы халық алдында есеп берген шаһар әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

2019 жылы 100 жедел жәрдем автокөлігі алынып, Қайтпас-1 ш.а. 500 орындық емхана құрылысы аяқталған. Сондай-ақ, "Mediker" заманауи медициналық орталығы ашылғанын қала басшысы тұрғындармен өткен есепті кездесуінде айтты.

"2020 жылы №2 аурухана, қалалық перзентхана және "Ана мен бала орталығы" күрделі жөндеуден өтеді (5,9 млрд, теңге). Және осы жылы медицина саласының 1045 қызметкерлері Израиль, Германия, Ресей, Литва елдерінде біліктілігін арттырады. 33 денсаулық мекемелерінде жаңа медициналық құралдар алу мен 10 денсаулық сақтау нысандарының құрылысын салу жоспарланып отыр", - деді М.Әйтенов.

Өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымен толық таныстырып біткен қала әкіміне қала тұрғындары өз сауалдарын қоя бастады. Мәселенің неден туындағанын және оның шешу жолы мен тапсырманың нақты істелетін уақытын кесіп айтқан М.Әйтеновке халық оң бағасын берді.

Мегаполистегі медициналық қызметке көңілі толмайтын қала тұрғыны әкімге мынадай сауал жолдады.

"Жедел жәрдем көлігін беріп жатсыздар. Бірақ оның ішіндегі дәрігерлердің медициналық қызметтері өте төменгі деңгейде. Ондағы фельдшерлер қалай қызмет жасауды білмейді. Және ШЖҚ №1 қалалық ауруханаға жатуым үшін мен бірінші сізге звондауым керек, Ал сіз денсаулық басқармасына тапсырма бересіз. Мұндай жағдай менің басымнан өтті", - деп өз шағымын айтты Еңбекші ауданының тұрғыны.

"Бұл мәселенің біздің бақылауымызда екендігін өз баяндамамда айтып кеткен болатынмын. Президент тапсырмасына сәйкес, медициналық сапаны жоғары деңгейге жеткізі біздің басты мақсат. 10 мыңнан астам адамның біліктілігін арттыру мақсатында, халықаралық деңгейде білім алуға жібереміз. Одан басқа, шетелдік медициналық инвесторларды шақырып жатырмыз. Мыңнан астам орны бар үлкен аурухана саламыз. Бұл мәселені мен өз бақылауыма алып, жұмыстарды жүргізуге тырысамын", - деген қала әкімі осылай халыққа уәде берді.

Ал есепті кездесуде өз мәселесін айтуға үлгермеген тұрғындарды шаһар басшысы кешке дейін шаһар «Көрме» орталығында қабылдайтындығын жеткізді.