Шымкенттік оқушы әлемде баламасы жоқ робот жасап шығарды

0
2 485

Жас өнертапқыш бұл роботты жасау идеясы кептелісте пайда болғанын айтты.


Шымкенттік оқушы әлемде баламасы жоқ робот жасап шығарды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Қуаныш Мәден өзі жасаған «Құбыр тазалаушы робот» жобасын патенттеп алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Қуаныш Мәден «Құбыр тазалаушы робот» жасап шығарып, жобасын патенттеп алған. Мектеп баспасөзінің мәліметіне сүйенсек, бұл – оның 2 жылдық еңбегі екен.

Нақтырақ айтсақ, оқушы 2017 жылы арнайы техникалық реферат жасап, роботтың формуласы мен схемаларын құрған және құжаттарын Ұлттық зияткерлік меншік институтына тапсырған. Ал, 2019 жылдың тамыз айында Қуанышқа жобасының патенттелгені жайлы қуанышты хабар жеткен.


Ең қызығы – жас өнертапқышқа «құбыр тазалайтын роботты» жасау идеясы сабаққа кешіккен кезде келген.

«Шынымен, құбыр тазалайтын роботты құрастыру идеясы маған кенеттен келді. 7-сыныпта ғой, мектепке бара жатқанмын. Бәрі әдеттегідей, үйреншікті қалыпта еді. Бірақ дәл сол күні көлік кептелісіне тап болып, сабаққа кешігіп қалдым. Оның себебі – қаламыздың бас көшесі Қонаев даңғылында құбыр жарылған еді. Сол уақытта осы жобамды қолға алу идеясы туындады», - дейді Қуаныш.

Сондай-ақ, Қуаныш ойын жүзеге асыру үшін екі жыл бойы робототехника үйірмесінде тынбай еңбектеніп, жобасын бөлшектеп жинаған және діттеген мақсатына жетіп, жұмысының жемісін көріп отыр. Бүгінде оның роботын бүкіл Қазақстан біледі, тіпті шетелдіктердің де құбыр тазалағыш роботтан хабары бар екен.

«Жобамды қазір көбі біледі. Себебі мен біраз жарыстарға қатыстым. Бұл жұмысым маған республикалык «3.2.1. СТАРТ» байқауында 1 орын және 1 млн. теңге көлемінде қаржылай сыйақы, 60 мемлекеттің арасында өткен халыкаралык CASTIC-2019 жарысында инженерлік ғылымдар санатында 2-орын алып берді», - дейді жас ғалым.

Айта кетейік, 2017 жылы «Жас өнертапқыш» номинациясын иеленген Қуаныш алдағы уақытта әмбебап құбыр тазалағыш роботын өндіріске енгізіп, қазақстандықтарға пайдасын тигізсем деп армандайды. Ол үшін жасөспірімге қаражат қажет, ал мұндай құрылғының бір данасын жасап шығару үшін шамамен 3-4 млн. теңге қаржы керек екен.