Шымкенттік оқушы ұлттық құндылықтарды әспеттейтін ерекше жоба жасады

0
1 457

Ол орталық ақыл-ойды жетілдіретін жеті секциядан тұрады.


Шымкенттік оқушы ұлттық құндылықтарды әспеттейтін ерекше жоба жасады

Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сұңғат Әбдіразақ ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Kazakhland» ойын-сауық орталығы жобасын жасаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл ерекше жоба аталған Зияткерлік мектепте ұйымдастырылған ашық есік күнінде таныстырылды. Жоба авторы Сұңғат Әбдіразақ жұмысты Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» атты мақаласына сүйене отырып дайындағанын айтады. Сондықтан, ойын-сауық орталығы 7 секциядан тұрады. Олар: «Ертегілер» елі, «Археология» елі, «Қазақ ән-жыры» елі, «Жылқылар» әлемі, «Қолөнер» елі, «Ұлттық ойындар» елі және «Жыл он екі ай» елі деп аталады. Аталған орталыққа келген бала түрлі ұлттық ойындарға қатысып, квесттерді іздеп, ақыл ойын жетілдіретін болады.

Мәселен, «Қазақ ән-жыры» еліне кірген балалар едендегі түрлі ноталарды басу арқылы түрлі күй мен әуендерді еститін болады. Домбыра, қобыз, саз сырнай сынды музыкалық аспаптардың бейнесін LED экраннан тамашалап қана қоймай, одан қандай үн шығатынына да қанық болады.

Өз кезегінде Назарбаев Зияткерлік мектептебінің оқушысы Сұңғат Әбдіразақ жоба шын мәнінде қолдау тауып, қалада бой көтеретін болса, онда туристер үшін таптырмас аймаққа айналар еді дейді.

Айта кетейік, бұл ғылыми-шығармашылық идеялар жәрмеңкесінде мектеп оқушылары мен мұғалімдері бірігіп дайындаған Bio worlds, Рухани жаңғыру, Robotics, ғылыми зертхана, Intellectum zone, STEAM және лайфхак, шексіз шығармашылық бағыттары бойынша жасалған 140-тан астам жұмыс қойылған.