Шымкенттік шаруа қожалығы 12 ай ішінде 300 тонна таза ет өндірген

0
2 462

Шаруа қожалық өз жұмысын 2017 жылы бастаған.


Шымкенттік шаруа қожалығы 12 ай ішінде 300 тонна таза ет өндірген

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Қасқасу-С» қожалығының жұмысымен танысу мақсатында Қаратау ауданы Мәртөбе тұрғын алабына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласында бүгінде 100 бастан жоғары ірі қара мен жылқы малдарын бордақылайтын 30-дан аса мал бордақылау алаңы тұрақты жұмыс жасауда.
Солардың бірі – «Қасқасу-С» шаруа қожалығы. Шаруа қожалық 2017 жылы өз жұмысын бастаған. Ең алдымен 600 басқа арналған қора жай құрылысын салып, бұқашықтарды бордақылауға кіріскен. Былтыр саланы одан әрі дамыту мақсатында кәсіпкер қосымша 700 басқа арналған мал ұстайтын қоражайды салған. Нәтижесінде 12 ай ішінде 1 180 бас бұқашықты бордақылап, 330 тоннаға жуық таза ет өндірген.
Қала әкіміне қожалық иесі биыл қосымша 500 бас бұқашыққа арналған қоражай құрылысын жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
- Қала тұрғындарын ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде мал шаруашылығы саласының алар орны ерекше. Жұмысыңызды көріп қуанып отырмын. Осындай жаңа бастамаларға қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз. Өндіріп отырған азық-түлік тауарларын делдалсыз әлеуметтік дүкендерде сатылуын қамтамасыз ету қажет, - деп Мұрат Әйтенов тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді.