Шымкенттік судьялар жастарға отбасы құндылықтарын насихаттады

0
1 449

Шара 1-маусым ‒ «Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орайластырылған. Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында жастарға отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған тренинг өтті.


Шымкенттік судьялар жастарға отбасы құндылықтарын насихаттады

Балаларды қорғау күніне орай судьялар «Отбасы – қоғамның тірегі, бала – қазынасы» атты тренинг өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

«Отбасы – қоғамның тірегі, бала – қазынасы» атты тренингке Шымкент қалалық және аудандық соттарының судьялары, жастар, адвокаттар мен медиатор-нотариустар, Қаратау аудандық әкімдігі мен прокуратураның, Шымкент қаласының Жастар, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты.

Жиынды Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы Е.Рахманберді ашып, іс-шара қазіргі уақытта дау-дамайларды реттеуде татуласу рәсімдерінің тиімділігін түсіндіру мақсатында ұйымдастырылғанын айтты.
Қаратау аудандық сотының судьясы Л.Ауелбекова өзінің баяндамасында «Отбасылық сот» пилоттық жоба аясында отбасын сақтап қалу және осы факторлар бойынша ерлі-зайыптылардың үзілген үмітін жалғау басты мақсат екендігін және сотта қаралған істер бойынша 60 пайыздай тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізу тоқтатылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, «Facebook» әлеуметтік желісінде «Отбасы – қоғамның тірегі» атты әлеуметтік парақша ашылғанын және медиацияның мақсат-міндеттері мен ерекшеліктері жөнінде буклеттер шығарылып, таратылғанын атап өтті.

Тренингте «Қазақстан Кәсіби медиаторлар мен құқықтық кеңесшілердің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Д.Кенжеқұлова «Отбасы құндылықтары» тақырыбында сөз қозғады.
Шара барысында бейнеролик көрсетіліп, содан кейін қатысушылар өзара пікір алмасты. Тренинг соңында төраға Е.Рахманберді отбасы құндылықтарын насихаттауға белсене қатысқан Д.Кенжеқұловаға және медиация тәртібімен бітімгершілікке келген бірнеше азаматқа «Алғыс хат» тапсырды.