Шымкенттің 2035 жылға дейінгі бас жоспарын тиімді жүзеге асыру тетіктері пысықталды

0
209

Бас жоспар егжей-тегжейлі талқыланып, оны одан әрі іске асыру барысы қарастырылды.


Шымкенттің 2035 жылға дейінгі бас жоспарын тиімді жүзеге асыру тетіктері пысықталды

ERNUR.KZ. Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен мегаполистің Бас жоспарын талқылауға арналған жиын өтті.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында биыл қаланың 2035 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Президент тапсырмасын орындауға жергілікті атқарушы органдарымен қатар белгілі сәулетшілер, қоғамдық кеңес мүшелері мен қаламыздың белсенді азаматтары атсалысты.


Бас жоспарға сәйкес тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайып, жаңа өндіріс аймақтары, айналма темір жол тармағы және өткізу қабілеті тәулігіне 20 мың жолаушы болатын вокзал ашылады. Сондай-ақ мегаполисті жаппай көгалдандыру жоспарланған. Өнеркәсіп аумақтарын 2035 жылға дейін жаңа индустриялық аймақтарды салу есебінен 5 мың гектарға ұлғайту көзделуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде межелі мерзімде қаланың әлеуметтік-экономикалық салаларында 1 млн-нан астам жұмыс орны жасақталады деп күтілуде.
Жиын барысында шаһардың қарқынды дамуына, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін Бас жоспар егжей-тегжейлі талқыланып, оны одан әрі іске асыру барысы қарастырылды.

– Бас жоспарды қабылдауда үлес қосқан қоғамдық кеңес мүшелері мен қаланың белсенді азаматтарына алғысымды білдіремін. Бас жоспарды көпшілікке таныстыру, оны әрі қарай іске асыру бойынша ұсыныс, пікірлеріңізді тыңдау үшін өздеріңізбен арнайы жүздесіп отырмыз. Жалпы, айтылған ұсыныстар, пікірлер зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданады, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, жиында Бас жоспардағы басым бағыттарды жүзеге асыруда жаңа технологияларды енгізу, мегаполистің дизайн-кодын іске асыру тетіктері баяндалды.