Сингапурлық инвесторлар Шымкентте ерекше халықаралық білім беру кластерін салады

0
1 274

Қала әкімі мегаполис мәртебесін жуырда алған Шымкент үшін жаңа оқу орындары аса маңызды екенін айтып, қаланың дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.


Сингапурлық инвесторлар Шымкентте ерекше халықаралық білім беру кластерін салады

Сингапурлық KinderWorld International Group Ltd компаниясы Шымкентте білім метрополисінен тұратын халықаралық білім беру кластерін салады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған орталықта халықаралық мектеп, колледж және балабақша болады деп жоспарлануда. Осы жаңа жобаны талқылау мақсатында Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов сингапурлық компания төрағасы Рики Тэнмен кездесіп, тараптар білім орталығының болашақ әлеуетін талқылады және ұсыныстарын ортаға салды.

Атап айтсақ, KinderWorld International Group Ltd компаниясының білім беру кластері Аустралия, Вьетнам және Малайзияда балаларға сапалы білім берумен айналысып келеді. Енді, сингапурлықтар Қазақстан нарығына кіріп, елімізде өз орталықтарын салмақшы. Жаңа жобаның құны шамамен 23-25 млн АҚШ долларын құрайды екен. Оны сүйемелдеумен «Kazakh invest» АҚ айналыспақ.

Сондай-ақ, орталықтан ашылатын балабақша 6 айдан 6 жасқа дейінгі 600 балаға лайықталған. Онда жабық ойын алаңы мен бассейн болады және балаларды шет тілдеріне, оқу мен санауға, қоғамтану, музыка, би мен бейнелеу өнеріне үйретеді. Мұнан бөлек, 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған байыту орталығын ашу жоспарлануда, онда балалар ғылыммен, технологиялармен, инженериямен, математикамен, робототехникамен және AR/VR жүйесімен танысады.

Сонымен қатар, халықаралық мектепте дәстүрлі пәндерден басқа бағдарламаларға, робототехникаға мен 3D баспаға арналған факультативтік сабақтар болады және АҚШ-та, басқа да елдерде оқытатын студенттердің жазғы алмасу бағдарламалары жұмыс істейтін болады.

Білім беру метрополисі – бұл балалар, жастар және қоғам үшін түрлі білім беру іс-шараларын өткізу жоспарланып отырған оқу кеңістігі. Метрополистің дизайны мен тұжырымдамасы Сингапурдың ұлттық университетінің қалашығына ұқсас болады. Метрополис университет, жатақхана, ғылыми орталық, медициналық орталық, эксперименттік оқу-ойын орталығы және басқа да қажетті инфрақұрылымдарды қамтиды деп күтілуде.