«Цитадельдегі түн»: Шымкентте музей күніне орай ерекше іс-шара өтті

0
481

Іс-шара көптің көңілінен шықты.


«Цитадельдегі түн»: Шымкентте музей күніне орай ерекше іс-шара өтті

Шымкент қаласында халықаралық музей күніне орай, «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде «Цитадельдегі түн» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастырумен өткен аспан астындағы көрме ерекше бағдарламасымен көптің көңілінен шықты.
Мазмұндық мәні терең, тағылымға толы кеш қамал қақпасынан тұрғындарды «Батырлардың қарсы алу» рәсімімен басталды. Іс-шара әдеттегіден өте ерекше форматта өтті. Себебі келген көрерменге құдды бір орта ғасырларға тап болғандай әсер берді. Ұлттық киім киген бұрынығының батыры да, саудасын дөңгелеткен көпесі пен жоғын түгелдеген жарлысы да – бәрі осында.
Жиында жергілікті бірқатар театр мамандары ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабиді, қазақтың маңдайалды үш биінің және Қошқар атаның да кейпін керемет сомдады. Мұнымен қоса, келген көрермендер мұнда қыш құмыра жасау жолдарын үйреніп, өз бейімдерін байқап көруге мүмкіндік алды.
Сонымен бірге бағдарлама аясында «Ой-сана» интеллектуалдық клубының тұсауы кесіліп, алғашқы кейіпкері ретінде «Қылует» этнографиялық мұражайының негізін қалаушы Кендебай Қарабдалов шақырылды.
Жиын барысында «Шымқала» тарихи-мәдени кешені директорының м.а., тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Саттар Мажитов сөз алып, керемет кешке жиылған қауымға іс-шараның мән-маңызын, осынау кешеннің тарихи мазмұнымен қысқаша таныстырды.
– Екі мың жылдан астам тарихы бар біздің орта ғасырлық қала Цитадель, Шахристан Және Рабат сынды бөліктерден тұрады. Өкініштісі сол, қала тұрғындарының басым көпшілігі көне шаһардың тарихынан бейхабар. Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты да осы олқылықтың орнын толтыру, яғни тұрғындарға өз қалаларының тарихымен таныстыру. Интерактивті болсын деп, жиынға келушілердің арасында арнайы сауалнама жүргізгенім де сондықтан. Тіпті, тарихи кешеннің әр қақпасынан кіріп-шығудың өзіндік мазмұны бар. Бұл аймақ көне артефактілер мен аңыз-әпсаналарға толы, - дейді Саттар Фазылұлы бізге толғанысын білдіріп.