Түркістандық визажист жігіт қыз-келіншектердің көңілінен шығып жүр

0
5 025

Жігіт енді жеке сұлулық салонын ашпақ ниетте.


Түркістандық визажист жігіт қыз-келіншектердің көңілінен шығып жүр

ЕСКЕРТУ: көрнекілік үшін суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды (видеодан скриншот жасалған)


Мамандық пен кәсіп жынысқа бөлінбейді. Яғни, әйел затына немесе ер-азаматқа арналған деген қатып қалған қағида жоқ. Кім мықты, кімнің қолынан келеді, соның қолында.

Олай дейтініміз, қоғамда ерлер ісін атқарған әйелдердің, керісінше нәзік жандылардың ісін атқарған ерлердің көп екеніне көз жеткізіп жүрміз. Бұдан шығатын түйін - мамандықты әркім өзі таңдайды және өзі қалаған кәсібімен айналыса алады. Кез-келген адам қай салаға икемі мен қызығушылығы болса соны таңдары анық.


Бұған дәлел осындай мамандығына деген махаббатына адал жандардың бірі – түркістандық Кизбаев Сабыржан.



*(ВИЗАЖИСТ - түрлі косметика көмегімен кескін жасау шебері)


Сабыржан қыз-келіншектердің бетін әрлеу және түрлі шаш үлгілерін жасаумен айналысады. Бүгінде алдыңғы визажисттер қатарынан көрініп келеді. Бұл салаға келгеніне көп болмаса да жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Қазіргі кезде сұлулық әлемінде өзіндік орны қалыптасқан және сұранысқа ие мамандардың бірі деп айтуымызға әбден болады.

Суреттерде: Сабыржан жасаған макияж үлгілері


Визажист мамандығына ол бала кезінен қызыққан көрінеді. Осылайша мектепті бітірмей тұрып түрлі курстарға барып білімін жетілдіріпті. Мектепті бітірген соң Алматы қаласына барып біліктілігін арттырып небәрі 17 жасында өзінің еңбек жолын бастаған екен.

Табыс көзі өте жақсы екенін де жасырмады. Біліктілігін арттыру мақсатында жылына бір рет бет әрлеу бойынша cан түрлі курстар мен мастер-кластарға қатысуды әдетке айналдырған. Өзі жас маман болса да осы уақытқа дейін шәкірт тәрбиелеп те үлгеріпті.

Қызығы сол, мектеп қабырғасында қыздардың шашын өру, жинап беру сынды түрлі шаш үлгілерін жасаумен айналысқан екен. Сыныптастары мен қарындастарына жасаған шаш үлгілері сол-кезден ақ көптің көңілінен шығып үлгерген. Осылайша визажист мамандығымен бірге шаш үлгісін жасауды қоса үйренген.


«Өзім әжемнің қолында өстім. Әжемнің ерке баласы болдым десем де болады. Әжем менің кез-келген ісімді қолдайтын. Алғашқы кезде туысқандарым мен достарымның арасында бұл ісімді қолдамай, қарсылық білдіргендер де болды. Әлеуметтік желідегі видеоларыма жаман пікір қалдыратындар да бар. Бірақ мен оларға мән бермеймін. Керісінше осы пікірлерден мен өзімді алдыңғы қатарда екенімді ұғамын. Арманыма жету жолында маған ешкімнің сөзі кедергі болған жоқ. Бастысы бұл кәсібімді әжем қолдады», - деді ол өз сөзінде.

Сабыржан болашаққа құрған жоспарларын да жасырмады. Басты арманы - жеке сұлулық салонын ашу және оны дамыту. Осы салада тек үздіктер қатарынан көрінуге талпынатынын ашып айтты.


Суреттерде: Сабыржан жасаған шаш сәндеу үлгілері


«Әйел адамдармен жұмыс жасау тіл табысу өте оңай. Мені Түркістанда біраз адамдар таниды. Басқа салондардан да жиі ұсыныстар түсіп жатады. Бастысы қыздар өзінің ең маңызды күнінде маған сенім білдіріп мені таңдағандары еңбегімнің ақталғаны деп білемін. Бұл кәсібіме қолдау білдіретін жандардан бөлек «басқа мамандық таңдамадың ба?», «неге таңдадың?» деп теріс пікір білдіретіндер де бар. Оларға айтар жауабым біреу ғана - мамандығым өзіме ұнайды және бастысы, адал табыс», - дейді Сабыржан.



Сабыржанның қыз-келіншектердің сұлулығына реңк беріп, айшықтап, әдемілігіне көрік сыйлап жүргеніне 3 жылға жуық уақыт болған. Осы уақыт аралығында жасаған жұмысы талайдың көңілінен шығып үздік бет әрлеуші (топ шебер) атаныпты. Тіпті Сабыржанды өздері іздеп сұрап келетіндердің қатары аз емес көрінеді.

Бүгінде түркістандық қыз-келіншектер арасында Сабыржанның (@kizbaev_makeup_hair01) жұмысы танымал деуге әбден болады.

Сұхбаттасқан: Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


"Қыш ыдыс жасау өнері": Шымкенттік бойжеткен қала тұрғындарына арнап шеберхана ашты