"Жалын" журналының 50 жылдық мерейтойы Шымкентте өтеді

0
1 645

"Отырар" кітапханасында «Жалын» журналы редакторының орынбасары Құдияр Біләлмен кездесу өтті


Биыл республикалық әдеби-көркем және әлеуметтік "Жалын" журналының ашылғанына 50 жыл толып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Жалын" журналы – Түркі әлемінің кеңістігінде. Биыл республикалық әдеби-көркем және әлеуметтік "Жалын" журналының ашылғанына 50 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында Шымкенттегі "Отырар" кітапханасында журнал редакторының орынбасары Құдияр Біләлмен кездесу өтті.

Рухани танымдық басқосуға белгілі қаламгерлер, БАҚ өкілдері, мәдениет қызметкерлері мен оқырмандар қатысты. Кездесуде белгілі жазушы Мархабат Байғұт, ақын Қасымхан Бегманов сөз алып, журнал тарихынан қысқаша сыр шертіп, Қазақ басылымындағы өзіндік орнына тоқталды.

«Елуді ердің жасымен салыстырмаймын. Қалың оқырман журналды жақсы біледі. Мен - басылымның алғашқы авторларының бірімін. Қолмен жазылған үш әңгімемді тапсырғаным есімде. Ол кезде "Жұлдыз" бен "Жалынға" шықсаң - жазушысың. Журнал қабырғалы қаламгерлерді тәрбиеледі. Жалынды мерейтойымен құттықтаймын. Руханияттың айнасына айнала берсін!», - деген М.Байғұт "Құштарлық пен іштарлық" кітабын журнал мұрағатына сыйға тартты.

Ал ақын Қасымхан Бегманов "Жалын" журналында қызмет істеген күндерін әңгімелеп берді.

«Жастайымнан Мұхтар Шаханов ағаға еліктеп өстім. Ұқсауға тырысып, өлең жаздым. Алғашқы тырнақалды өлеңім "Күнге қарап келемін" осы журналда басылды. Мұхтар ағамның қамқорлығын көп көрдім. Осы "Жалындағы" өткен күндерді ұмытпаймын», - деген Қ.Бегманов журналға арнаған өлеңін оқып берді.

Сондай-ақ, кездесуде қаламгерлер "Жалын" журналы жайында ойларын білдіріп, мерейтойға жылы лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, "Жалын" журналының 50 жылдық мерейтойы 21 желтоқсанда Шымкентте өтеді.