«Жаңа әкім қайда қарап отыр?»: «Шымкент сити» тұрғындары қысты жылусыз өткізе ме? (видео)

0
3 264

Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, халықтан жиналған ақшаны біреулер жеп қойған.


«Жаңа әкім қайда қарап отыр?»: «Шымкент сити» тұрғындары қысты жылусыз өткізе ме? (видео)

ERNUR.KZ. Үшінші мегаполисте жаңадан салынып жатқан «Шымкент сити» аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерге әлі күнге дейін жылу берілмеген. Ал, есік-терезесінен суық үріп тұрған пәтерлерін электр пешімен жылытып отырған тұрғындар «Бәрі ауырып бітетін болды, күніге жедел жәрдем шақырамыз», - деп шырылдайды. Осыған орай, қарашаның суығында балалардың денсаулығын ойлап шарқ ұрған тұрғындармен ERNUR.KZ тілшісі арнайы барып тілдесіп, «Қоныс құтты болсын!» деген жазуы алынбаған, жап-жаңа болса да құты қашып отырған тұрғын үйлердің жағдайымен танысып қайтты.

Атап айтсақ, Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты «Шымкент сити» аумағындағы бір қатарда орналасқан №11, 12, 13, 14 және 15 тұрғын үйлердің тұрғындары қаншама уақыт күтіп, қол жеткізген баспаналарына қара суық басталса да, жылу берілмей жатқанына наразы.

«11 жыл күткен мына үйдің кілтін 1 мамыр күні Ғабидолла Әбдірахымов берген. Енді қыс басталып келе жатыр, дегенмен біздің пәтерлерде мүлдем жылу жоқ. Тоқ пешпен жылытамыз дейміз, бірақ оның да күші жетпейді. Себебі, үйдің есік-терезесі дұрыс жабылмай, жел уілдеп тұрады, жұмыстан келсек бала-шағамыз жаурап отырады. Бәрі ауырып бітетін болды, күніге жедел жәрдем шақырамыз. Одан қалса, бұл жерде тұратын өңкей көпбалалы, мүгедек баласы бар отбасылардың пешті қосып қойып, электр қуатына төлей беретін ақшасы көп дейсіз бе?! Әкімдікке шағымдансақ, «Болады, болады» дейді, оның қашан болатынын?.. Негізінде жылу қазан айының басында беріледі деген. Ремонтқа, есік-терезеге, жылуға деп домкомдар қаншама ақша жинайды, бірақ одан еш нәтиже көрген жоқпыз», - дейді Бекбаева Сапаргүл есімді №15 үйдің тұрғыны.


Ал, үй төрайымынан аталған ақша жинау мәселесі туралы сұрамақ болғанымызда, тілдесуден бас тартты. Тұрғындардың сөзіне сүйенсек, халықтан жиналған ақшаны біреулер жеп қойған. Тіпті, бірер күн бұрын тұрғын үйдің жертөлесінде жауаптылар арасында ұрыс-керіс орын алған көрінеді.


Сондай-ақ, тұрғын үй пәтерлерін аралап көрдік. Расында, едені мұздай, үйдің іші салқын және жүзі жадырап жүрген адам кездестірмедік. Оған қоса, тұрғындар бірнеше күн бұрын су жіберіп көргенде құбырлар қысымға шыдамай, әр жерден су атқылағанын айтты. Одан бөлек үй ішіндегі жылу батареяларынан және төбесінен су ағады екен. Бұл да, кеше ғана қала басшылығы тарапынан қатаң қарауға алынған қала құрылысы және қала құрылысын бақылау басқармаларына әжептәуір сын болары анық!

Өз кезегінде, жылу беру мәселесі бойынша абоненттерді тіркеу жүргізіліп жатқанын айтқан Шымкент қаласы Жылу тарату бөлімінің басшысынан мардымсыз жауап алдық.

«Біріншіден – «Шымкент сити» бойынша қазіргі таңда іске қосу-баптау жұмыстары мердігерлер тарапынан жүргізіліп жатыр. Екіншіден –жылу қазандығы бар, құбырлары бар бізге қағаз жүзінде өтпеді. Ал, біз оған қарамастан Шымкент ситидегі 12 үйдің 732 абонентінің 422-ін тіркедік, қалған 310-ын осы аптаның аяғына дейін тіркейміз. Бірақ, жылудың берілу-берілмеуін мен айта алмаймын, өйткені қағаздар әлі жасалып жатыр. Тұрғындар сабыр ете тұрсын», - деді бөлім басшысы Асқар Бөлешов.


Алайда, сабыры сарқылған тұрғындар «Жаңа әкім қайда қарап отыр? Дайын болмаса, үйді неге берген? Егер осы мәселе шешімін таппаса президентке шығамыз! Суыққа жаурап, ауруханадан-ауруханаға барып емделетін жағдайымыз жоқ!», - деп жылу берілгенін талап етіп отыр. Дегенмен, мердігерлер мен жауапты мамандар жұмысты жеделдетпесе, мынандай қарқынмен адамдар аңсаған жылудың жақын арада берілуі екіталай.

Алдағы уақытта, кеше ғана қалалық әкімдіктің аппараттық жиналысында қалалық сәулет және қала құрылысы мен қала құрылысын бақылау басқармаларының басшыларының жұмыстарына қатаң сын айтып, жауапты мамандардың жазаланатынын жеткізген қала әкімі Ерлан Айтаханов «Шымкент сити» аумағындағы жылу мәселесіне қандай шара қолданатынын көріп, жариялайтын боламыз.