Жаңа қаулы: Шымкентте қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты шектеледі

0
491

Сұлулық орталықтары мен салондары алдын ала жазылумен жұмыс істейтін болады.


Жаңа қаулы: Шымкентте қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты шектеледі

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Шымкент қаласы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 4 қаңтардағы №1 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулысы шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жаңа қаулыға сәйкес, жұмыс және демалыс күндері Ashyq жобасына қатысатын бизнес объектілерінің жұмысына - сағат 00:00-ге дейін, Ashyq жобасының көшбасшыларының жұмысына - сағат 02:00-ге дейін рұқсат етіледі.

Сұлулық орталықтары мен салондары, шаштараз, маникюр мен педикюр қызметтері, косметика және косметология қызметін көрсететін орындар алдын ала жазылумен жұмыс істейтін болады.

Ал, Ashyq жобасына қатысатын қонақ үйлер, отельдер қалыпты режимде қызмет көрсетеді. Мейрамхана, дәмхана және кофехана типі бойынша қоғамдық тамақтану объектілері (үй-жайда) тек сору-сыртқа шығару желдеткіші мен ауаның рецеркуляциясы жұмыс істеген кезде, толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ 30 орыннан асырмай, сағат 09:00 ден 20:00-ге дейін шектеумен қызмет көрсете алады.

Ал, Ashyq жобасына қатысатын субъектілер 50 орынға дейін толтырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берілді. Мәдениет объектілері, театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, филармониялар тек Ashyq жобасына қатысқан жағдайда ғана арнайы толтырылуы талаптарын сақтап қана жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

Қауіпсіз «жасыл» мәртебе бар болған кезде Ashyq жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілер қызметінің өлшем-шарттарына сәйкес, салтанатты, ас беру, отбасылық іс-шараларды банкеттер, үйлену тойы, мерейтой, конференция, форум, адамдар көп жиналатын ойын-сауық және өзге де іс-шаралар өткізу 50%- ға дейін, бірақ 50 орыннан асырмай өткізіледі.

Сондай-ақ, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда алаңы 100 шаршы метрден асатын азық-түлік емес сауда желілері мен сауда алаңы 6000 шаршы метрден асатын азық-түлік сауда желілері қалыпты режимде жұмыс істейді.