Жаңа жылда сыйлық берген немесе алған қызметкерлерге ірі көлемде айыппұл салынады

0
2 396

Сыйлық бергені үшін 505 мың, алғаны үшін 1 млн. 515 мың теңге айыппұл қарастырылған.


Жаңа жылда сыйлық берген немесе алған қызметкерлерге ірі көлемде айыппұл салынады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті азаматтарды, мемлекеттік қызметшілерді, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін сыйлық беруден және алудан сақтандырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік қызмет туралы Заңға сәйкес бұл әрекеттер мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекет болып бағаланады.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамамен лауазымды тұлғаға құны 2 АЕК-тен (5 050 теңге) аспайтын сыйлық бергені үшін 200 АЕК (505 мың теңге) көлемінде, ал мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық алғаны үшін 600 АЕК (1 млн 515 мың теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Құны 2 АЕК-тен жоғары сыйлықтар қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін", - делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші білмей келiп түскен және тиiстi функцияларын атқаруына байланысты алған сыйлықтар жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыруға жатады, ал мемлекеттік қызметшіге нақ сондай мән-жайларда көрсетiлген қызметтер үшiн ол республикалық бюджетке ақша аудару жолымен ақы төлеуге тиiс.

Сонымен қатар, мемлекеттiк қызметшінің отбасы мүшелерi осы адам қызмет бабында солармен байланысты болатын жеке және заңды тұлғалар есебiнен сыйлықтар мен көрсетілетін қызметтерді, туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауға құқылы емес.

Ал, сыйлықты немесе қарапайым тәттілер себетін қабылдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және мемлекеттік қызметшінің әдебін өрескел бұзу ретінде бағаланады.