Жастар арасында экологиялық мәдениет қалыптасып келеді - Ғани Назарбек

0
769

"Олар табиғатты құрметтейді, ластамайды".


Жастар арасында экологиялық мәдениет қалыптасып келеді - Ғани Назарбек

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазіргі таңда экология жаһандық мәселеге айналып отыр. Бүкіл әлемді қоршаған ортаны қорғау және сақтау мәселесі алаңдатуда. Өз кезегінде экология сапалы өмірдің кепілдігі екені айтпаса да белгілі. Сол үшін бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Осы ретте бүкіл әлем экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Қолға алынып жатқан жобалардың барлығы болмаса да, басым көпшілігі өз пайдасын тигізуде.

Аталған мәселе біздің елімізде де өзекті болып отыр. Мәселен, қарапайым атмосфералық ауаның сапасы бойынша еліміздегі он қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Ол тізімде Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары бар.

Ал ластаушы заттардың шығарындыларының жалпы көлемі 2,5 миллион тоннаны құрады. Екінші ретте өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу мәселесі өз шешімін таппай тұр. Оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі мен оларды өңдеу деңгейінің төмендігі қауіп төндіруде.

Одан бөлек, жер үсті суларының ластануы мен өнеркәсіп және кәсіпорын шығындыларын азайту күрделі мәселелер қатарында. Еліміздегі осы проблемалардың алдын алу және шешу мақсатында экология саласында бірқатар жобалар іске асырылуда. Соның бірі 2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы. Аталмыш жоба халықтың өмір сүруіне қолайлы орта құру және елдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған.

Осы тұста «Байтақ» жасылдар партиясының сарапшысы Назарбек Ғани Саттарханұлымен өңірлердегі экологиялық мәселелер бойынша сұхбаттасқан болатынбыз. Ғани Саттарханұлы «Жасыл Қазақстан» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар әлі өз нәтижесін жеткілікті деңгейде болмай жатқанын айтты.

«2021 жылы басталған ұлттық жоба бойынша жұмыстар жасалуда. Бірақ, әлі нәтижесін бермеді. Аталған жоба 4 негізгі бағытты қамтиды. Осы тұста атмосфералық ауаның тазалығы жөнінде айтар болсақ, Париж келісімі бойынша 2060 жылға дейін көміртектілік бейтараптылықты 100 пайыз жеңуіміз керек. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының талабы. Біз бұған кезең-кезеңімен өтуіміз қажет. Алайда, жылу электр орталықтары (ТЭЦ), көліктердің артық шығыны, өрттердің зардаптары, күнделікті өртеніп жатқан қоқыс орындары, көмірді үзбей жағатын жылыжайлардың кесірінен көміртекті ауа атмосфераға бөлу азаюдың орнына көбейіп жатыр. Бізде әлі ТЭЦ-тарды газдандыру немесе баламалы энергия көздеріне өту жұмыстары басталған жоқ. Энергияның балама көздері біздің қазір тұтынып отқан энергиямыздың тіптен 1 пайызына жетпейтін шығар. Ал, ескі Кеңес үкіметі кезінде құрылған Бұқтырма, Шардараларды еске алмайақ қояйық. Бізде әлі мұндай жаңадан ештеңе жасалған жоқ. Енді әржерде күн сәулесінен қуат алатын панельдер қойылып жатыр. Бірақ, олар елдімекендерді қамтамасыз етуге жетпейді. Ал, бізде энергияны ең көп тұтынатын өндіріс орындары. Олар әлі көмір энергиясын пайдаланып жатыр. Бұл нәрселерге қанша этаппен өтуіміз керек екені әлі түсініксіз. Бұл бойынша нақты жоспарлар көріп тұрған жоқпыз. Мысалы Астана, Алматы, Шымкент сынды үлкен қалаларда жылыту қазандықтарын газға ауыстырамыз деп жатқанымен, әлі де нақты әрекеттер жоқ», - деді Ғани Назарбек.


(фото: Ғани Назарбектің жеке мұрағатынан)

Осы тұста ұлттық жобаның бірінші бағытын еске алайық.
Жобаның «Таза Қазақстан» атты бірінші бағыты атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Аталмыш бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20 пайызға төмендету жоспарлануда. Ал, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18 пайыздан 34%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Аталған бағыт бойынша қоқыстардың экологияға тигізер зияны туралы айтпаса да белгілі. Сол себепті осы мәселеге ерекше назар аударылып отыр.
«Бізде қазір көзге көрінетін қалдықтар ол қатты тұрмыстық қалдықтар. Былай айтатын болсақ, әр адам өз үйінен шығатын қоқысты сұрыптап жинамайды. Одан кейін арнайы контейлерге бөліп тастауымыз қажет. Қазіргі таңда бұл мәселе жәйлап қолға алынып жатыр. Бірақ, контейнер бір жерде тұрғанымен оны бір көлікке артып, бәрін бір полигонға апарып тастайды. Ал, негізінде қоқысты сұрыптау, тастау, алып кету және оны қайта өңдеу кезеңдері бойынша іске асырылуы тиіс. Дегенмен, қазіргі кезде біршама орындарда қоқысты бөліп тастайтын орындар пайда болып жатыр. Мысалы Шымкентте азық-түлік қалдықтары, қағаз және пластмасса қалдықтары деп үшке бөліп қарауға болады. Бірақ, осы үшеуін сіз бөліп тастағанмен, бәрін бір қоқыс көліктері әкетіп, бір орынға тастайды. Ал, ол қалдықтар өртеліп жатыр. Бұл былай қарағанда абсурдттық мәселе.
Бірақ, бұл мәселелерді шеу бойынша бастамалар да жоқ емес. Бәрін жоққа шығаруға болмайды. Осы мәселе бойынша қандай да бір жұмыстар жасалып жатыр. Сондай-ақ, аталған мәселе бірінші кезекте тұрғындардың экологиялық сауаттылығына да байланысты. Қоқысты үйден сұрыптап алып шыға алсақ, оның өзінің үлкен әсері болады. Бәрін бір полигонға апарғанның өзінде ол жақта сұрыптау жеңілірек болады. Одан кейін үлкен қалалардың өзінде қоқысты алып кету мәселесі жолға қойылған жоқ. Әр тұрғын қоқысты өзінің ауласына жинап, оны күнделікті өртейді. Ал, тіпті ауылдық жерлерде қоқысты сайға, ауылдың шетіне, көрінбейтін жерге апарып тастай салады. Бізде қазір бүкіл жерде қоқыс толып кетті», - деді «Байтақ» жасылдар партиясының сарапшысы.

Ғани Назарбек «Жасыл экономика» жобасы туралы да сөз қозғады.
«Біздегі үлкен зауыт, фабрикалар стандарттық дүниелерді жасамайды. Атап айтсақ, өндіріс орындары түтін шығартын фильтрлер қойылмайды. Одан кейін өндірісте қалған қалдық сулар олар тікелей табиғи су айдындарына түсіп жатыр. Сондай-ақ, бізде бұрын Семей полигонынан бөлек, көптеген аумақтарда атом сынақтары өткен. Нәтижесінде бізде тарихи қалдықтар бар. Біз қазір оның зардаптарын шегіп жатырмыз. Бірақ, олар көзге көрінбейді. Өйткені қазір аурулардың түрлері өте көп. Одан бөлек, Шәуілдір, Созақ аудандарында уран өндірісі қатты дамып кетті. Одан шыққан залалды ешкім есептеп жатқан жоқ. Сондай-ақ, Кеңес дәуірінде Отырар, Созақ сынды бірнеше аудандарда атом сынақтары өткен. Қазір ол жерлерде адамдар тұрып жатыр. Оның зардабы орасан зор», - деді ол.

Жалпы ұлттық жобаның 4 негізгі бағыты бар. Қолға алынып жатқан жобалардың барлығы осы міндеттер шеңберінде жүзеге асырылмақ. Ал «Табиғат» бағыты аясында ұласып өсуі кемінде 65 пайызды құрайтын 2 миллиард ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шараларын іске асыру көзделіп отыр.
Ғани Назарбек бұл мәселе бойынша көптеген олқылықтар бар екенін алға тартады. Ол елімізде көгалдандыру жұмыстары сәтті жүзеге асып жатқанымен, оларды күтіп баптау мәселесінде кемшіліктер бар екенін айтты. Сондай-ақ, елімізде отырғызылатын ағаштардың көбісі шетелден әкелінетінін жеткізді.
Одан бөлек, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар бойынша да өз ойын жеткізді.
«Қазіргі таңда біздің елімізде тұран жолбарысын қалпына келтіру «хит» тақырып болып отыр. Осы мақсатта Іле-Балқаш резерваты құрылды. Бірақ, тұран жолбарысын қалпына келтіру мүмкін болмай тұр. Алайда оны қайтарғанымен оның бізде азықтық қоры бар ма? амур жолбарысы табиғи бейімделіп кете ала ма деген белгісіз дүниелер бар. Сонымен қатар, бізде көптеген жануарлар мен өсімдіктердің түрлері қауіптеніп тұр. Мысалы құстар дүниесі айтатын болсақ, қазір ителгі құсына өте үлкен қауіп төніп тұр. Бүгінде ителгі құсын аулап сатушылар өте көбейіп кетті. Ителгі құсы жойылудың алдында тұр. Сондай-ақ, бұхар бұғылары да азайып бара жатыр.
Ал, жануарлар дүниесін қорғау бойынша айтар болсақ, бізде жануарлар ерекше қорғалатын аймақтардың өзінде зорға қорғалып жатыр. Одан тыс аумақтарда аңшылықтың шегі жоқ. Тіпті құстардың жұмыртқалау маусымында құстарды атып жатырмыз. Ерекше қорғалатын аумақтардан бөлек нысандарда жабайы жануарлар қалған жоқ. Су айдындары туралы айтар болсақ, қазір табиғи су айдындарында қармақпен балық ұстау мүмкін емес. Өйткені балық қалған жоқ. Барлығы сұғанақтық жолмен, тоқпен тормен аулап бітірдік. Қазіргі таңда балық ұстау деген өте сирек құбылыс. Біз жоқ болып кеткен дүниені қайтаруға тырысамыз, ал бар нәрселерді сақтап қалуға әрекет жасамай жатырмыз. Мысалы қазір Арал теңізін сақтап қалуға әрекет жасап жүрміз, бірақ Аралды қайтару мүмкін емес дүние. Ал, Аралға дейінгі Сырдария өзенінің экологиялық жүйесіне мән беріп жатқан жоқпыз. Аралды құтқару үшін бірінші Сырдария өзенінің экожүйесін сақтап қалуымыз керек. Қысқаша айтатын болсақ, біз қазіргі қауіп төніп тұрған дүниелерімізді сақтауымыз керек, ал жоғалып кеткен дүние кейінгі кезекте тұруы керек», - деді ол.
Сарапшы еліміз бойынша ауа сапасы төмен өңірлерді де атады.
«Бізде атмосфералық ауаның сапасы жылдан-жылға төмендеп барады. Соның ішінде Атырау облысы ең үлкен ластанып жатқан қаланың бірі. Атырау облысындағы Құлсары, Жылыой, Қашаған аудандарында өте үлкен атмосфералық зиянды қалдықты газ шығып жатыр. Ал, Астана, Алматы, Шымкент сынды үлкен мегаполистерде көлік үлкен мәселе туғызып отыр. Одан кейін Теміртау қаласының өзі өте үлкен мәселе. Былайша айтқанда, үлкен өндіріс орындары бар жерлерде атмосфералық ауаның ластанып жатқанын көреміз. Бұл мәселелерді шешу үшін кәсіпорындарды заманауи технологияға көшіруіміз керек. Оның ішінде ауаға зиянды қалдықтар шығаратын кезде арнайы құрылғыларды пайдалану қажет. Сондай-ақ, мұржаларға фильтр қойып, оны өз уақытында ауыстыру керек. Мысалы біздегі кейбір зауыттар Үкіметтің талабын орындаймыз деп фильтр қояды. Бірақ, оны мерзімі жеткенде ауыстырмайды. Бізде жақсы экологиялық заңдар бар. Бірақ оның орындалуы әлсіз. Былай айтқанда, заңдарды өз күшінде пайдалана алмай жатырмыз», - деді сарапшы өз сөзінде.
Келесі кезекте «Үнемді Қазақстан» деп аталатын екінші бағыт шеңберінде сөз қозғайық.
Аталған бағыттың «Суды үнемді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру» міндеті аясында 400-ден астам арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланған. Сондай-ақ, суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шаралары көзделген. Ал, қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында су жинау көлемі 1,7 текше шақарымды құрайтын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр.Одан бөлек, өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту және бюджеттік сектордағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен энергия тиімділігін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде арттыру мәселесіне де басымдық берілген.
Ғани Назарбек бұл бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда әлі де нақтылық кемшін екенін тілге тиек етті. Оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту мәселесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, олардың ауа сапасына қаншалықты зиян келтіретінін айтты.
Ал, «Экология болашағы» атты төртінші бағыт халықтың экологиялық білімі мен мәдениеті деңгейін арттыруға бағытталған. Яғни тұрғындардың қоршаған ортаға деген оң көзқарасын қалыптастыру.
Сарапшы бұл бағыт тиімді таңдалғанын айтады. Оның сөзінше, бізде халық арасында экологиялық сауаттылық әлі де төмен.
«Бізде әлі толық экологиялық білім мен мәдениет қалыптасқан жоқ. Мұның өзі де экологияға үлкен зардабын тигізуде. Қарапайым табиғат аясына демалуға шыққанның өзінде неше түрлі зиян келтіреміз. Мысалы тамақ істейміз деп от жағамыз, оның қалдықтары және қоқыстарды бей-берекет тастап кете береміз. Бұл табиғатқа жасалған үлкен қастандық.
Бірақ, бір қуантатыны қазіргі жастар арасында экологиялық мәдениет қалыптасып келеді. Олар табиғатты құрметтейді, ластамайды. Бастысы табиғатқа зиян келтіретіндей дүние жасамайды», - деді Ғани Саттарханұлы.
Одан бөлек, экология бағытында жасалып жатқан мемлекеттік жобалардан гөрі мемлекеттік емес ұйымдар мен шетелдік жобалардың жасаған жұмыстары тиімді екенін айтады.
«Бізде экология саласында әр түрлі ұйымдар қаржыландыратын шетелдік жобалардың жұмысы нәтижелі болып жатыр. Табиғатқа байланысты жасалып жатқан жұмыстардың көбісі шетедік гранттармен жасалып жатыр. Бұл өкінішті жағдай. Бізде экологиялық салада рух жоқ! Қоршаған ортаны қорғау деген Отанды қорғау дүниесі ғой. Бізге осы салада рухымызды көтеру керек. Рухымыз биік болса, онда біздің табиғатымыз да оңалатын еді», - деп түйіндеді ол сөзін.
Қорытындылай келе, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы еліміздегі негізгі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталғаны белгілі. Ал, жоба шеңберінде 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бастысы ұлттық жоба өңірлердегі ең өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді.
«Ұлттық жобаны әзірлеу мақсаты - халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту. Оның ішінде атмосфералық ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен тиімді жұмыс істеу, суды тиімді және ұқыпты пайдалану, Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйелерін сақтау, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, жасыл екпелер алаңын ұлғайту, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау және халықтың экологиялық санасын жаңғырту», - делінген жобаның төлқұжатында.
Аталған төлқұжатты ескере отырып, 2021-2025 жылдар аралығында еліміздегі экологиялық ахуал жақсара түседі деген сенім мол.


Ұ.Сәрсенбай,

ERNUR.KZ.