​«Жастық шақта бәрін көру керек» деп қателік жасадым: Темір торға түскендердің айтары бар

0
377

"Менің де осында жүргенім, бала-шағамның жылап менің жолымды күтуі де осы пандемия мен коронавирустың кесірі болды"


​«Жастық шақта бәрін көру керек» деп қателік жасадым: Темір торға түскендердің айтары бар

Үшінші мегаполис аумағында 5 түзеу мекемесі орналасқан. Соның ішінде ИЧ 167/3 түзеу мекемесінде 700-ден астам сотталушы жазасын өтеп жатыр. Жуырда темір торға тоғытылғандармен әңгімелесудің сәті түсіп, олардың өмірі түрмеде қалай өзгергенін сұрадық.


« Басында бір-екі рет көрейік деп ойлағанмын»

Ордабұзар жасты бағындырған Ғалымжан оңтүстік өңірдің тумасы. Бұған дейін жеке кәсіптің көзін тауып, өз бизнесін жүргізген. Энергетика саласында да табысты еңбек еткен ол кенет өмірінің күрт өзгергенін айтады. «Барымнан айырылдым» деген жазасын өтеуші, басынан өткен оқиғасын өзі жасаған ең үлкен қателігі деп есептейді.

- «Жастық шақта бәрін көру керек» деген ағалардың ақыл-кеңесін кейде бұрыс түсініп жатамыз. Бізде жора жолдастарымызбен есірткі тектес затты қолданып көруге қызықтық. Басында бір-екі рет көрейік деп ойлағанмын. Кейін танысыма 14 гр марихуана есірткісін алып беремін деп ұсталдым. 2020 жылы 9 шілдеде 5 жылға бас бостандығымнан айырылу туралы сот үкімі шықты. Оған дейін жаман жолда жүрдім деп айта алмаймын. Екі дүкенім бар еді. Кәсіпкер болдым. Үйленгеніме жарты жылдай болған еді. Түзеу мекемесіне түскен соң, келіншегім үйден кетіп қалды. Үйдің жалғызы болғандықтан анамның амандығын тілеп отырамын. Мұнда түзелуге келдім. Қатемді білдім. Шалыс баспауға, заңды білуге үйрендім. Қазіргі таңда асхананың тазалығына жауаптымын. Жастар тәрбиеден аттамасын, қызығып, алданбаса екен деймін. Өзіне артылған сенім мен жауапкершілікті сезіне білсін деймін. Ешкім басына түспей, өмірдің қиындығын түсіне білмейді ғой. Анам қазір үйде жалғыз. Қараусыз қалды десем де болады. Мені күтіп отыр ғой. Соны қазір ойланамын. Шықсам анама қарап, жағдайын жасап, дұрыс жолда жүремін деп сенемін, - дейді ол.



«Заңды бұзған заңгер»

Ал сотталушы Айдос Пернебаев өзін әділетсіздіктің құрбаны санайды. Мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істеген ол кейін кәсіпкерлікке бет бұрған. Жеке кәсібімен жанұясын асырап жүргенде жазасын өтеушіні бизнес серіктесі сазға отырғызыпты. Ол сәтсіздікті сотталушы пандемияның салдарымен байланыстырады. Заң алдында өз жазасын өтеуге келген ол бүгінде ағаш пен темірден өрнек ойып, еңбек етіп жүр.

- Заң саласында жұмыс істегенмін. Отбасылы едім. 3 қызым бар. Үлкен ағалармен бизнес жасап көрдім. Алғашқы жылы жақсы табыс алған соң, 2019 жылы тағы осы кәсіппен ақша табуға ұсыныс жасады. Ол кезде Астанада тұратынмын. Келісімшарт жасасып Қытайдан жол құрылысына қажетті техникалар алдыруға ақша алдым. Бұл істі заң саласына қатысты адамдар болып бастағанбыз. Өзім де 5 жылдай осы салада еңбек еттім. Бұл жұмысты әкелі-балалы кәсіпкерлермен басталған еді. 2019 жылы наурызда төтенше жағдай енгізіліп, тапсырысымыз кешікті. Алғашында 1-2 ай күте тұруын, кеденде кедергілер болып жатқанын түсіндіргендей болдым. Бірақ кейін олар менің үстімнен арыз қалдырыпты. 2020 жылдың тамыз айында алаяқтық бойынша істі болып, изоляторға түстім. 2021 жылдың мамыр айында 6 жыл 6 ай мерзімге сот үкімі шықты, - деп өткенді еске алды.

Айдос түрмеде де өзінің еңбекке епті екенін дәлелдей білген. «Тәртібі түзу, шағымы жоқ сотталушы ретінде көзге түссем» дейді. Темір торда отырып та тапсырыс алып ағаш пен темірден түрлі бұйымдар жасайтын көрінеді. Ол үшін ең төменгі жалақы мөлшерінде айлық тағайындалған екен. Тапсырыстың болуы әрі оның көлемі табысына әсер етеді.


- Бір нәрсемен айналысып, көңіл бөлмесек уақыт өтпейді. Сол себепті де жұмыс істейміз. Жалақымыз жұмыстың жүруіне байланысты орташа есепте беріледі.

Сол карантиндік талаптар бойынша үлкен суммада басталған жұмысымыз тоқтады. Сөйтіп, олар менен алғашқы көрсетілген сумманы қайтаруымды сұрады. Мен оның қайтарылмайтынын, техникалардың жұмысы тоқталғанын бәрін-бірін дәлелдеп көрсеттім. Сөйтіп жүргенде мені алаяқтық бойынша қамауға алды. Бірақ, арадағы осы нәрсеге байланысты мен әкесі талап еткен қаржыны қайтарып бердім, шамам жеткенше. Бірақ, баласының ақшасын бере алмадым. Неге олай істегенін түсінбеймін. Дәмдес, аралас болған адамдардан осындай сатқындық көргенім үшін өкінемін.

Осыған дейін онкологиялық аурумен ауырдым. Алматыда екі жылдай жатып емделдім. Бақылауда болдым. Осы жерден шыққаннан кейін жоспар көп. Әлемді шарлаған індет барлық салаға орасан зор кесірін тигізді. Менің де осында жүргенім, бала-шағамның жылап менің жолымды күтуі де осы пандемия мен коронавирустың кесірі болды, - дейді ол.


150 сотталушы білім алған

Әділет капитаны Нұрсерік Батырбековтың айтуынша, 2022 жылдың қаңтар айындағы қорытынды бойынша мекемеде 242 сотталушы жұмыс істеген. Оның шаруашылық қызметте-65, «Еңбек Шымкент» мемлекеттік кәсіпорында 91, жеке кәсіпкерлер 86 сотталған жұмыс істейді.

- Бізде әртүрлі жұмыс көздері бар. Оның ішінде негізгілері жиһаз жасау, пластик терезелер құру, ағаш өңдеу сияқты жұмыстар көп. Тапсырысқа байланысты темірден мангал, қақпа сияқты бұйымдар жасалынып шығады. Бұл жұмыстың барлығын жазасын өтеушілер жасайды, сырттан ешкім жоқ. Мекемеде 59 қызметкер, оның алтауы сержант, қалғандары офицерлер. Жалпы, штат бойынша 38 маман бар. Жазасын өтеушілердің көбі жеңіл және орташабап бойынша сотталғандар. Алаяқтық, ұры, бөтеннің мүлкіне қол салу, қарақшылық көбі. Ауыр қылмыспен сотталғандар да бар. Бірақ олар кәмелетке толмағандар. Ең ұзақ мерзім 9 жылға дейін сотталған. Ең аз уақыты бір жылға дейін жазасын өтейді. Мектеп пен колледж де бар.

Қазіргі таңда екі мамандық бойынша білім беріп жатырмыз. Бірі - дәнекерлеуші, екіншісі – электрик мамандығы. Былтырғы жылдары 5 мамандыққа дейін оқытқанбыз. Қазіргі таңда 50 сотталушы колледжде оқып жатыр. Былтыр 150 сотталушы білім алған. Сотталушыларға мемлекет тарапынан ең төменгі айлық көрсеткіш беріледі. Дегенмен, олар бұл қаржыны егер талап қарызы болған жағдайда жартысын мемлекет алып қалып отырады. Ал болмаған жағдайда өздері жаратады немесе отбасы мүшелеріне жіберіледі. Кездесулер белгіленген уақыт бойынша өтеді. Немесе 2 сағат көлемінде жақындарымен бейне байланыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік алады. Сотталушылармен психологиялық немесе әлеуметтік тақырыпта сабақтар өтіледі. Сол себепті де барынша темірдей тәртіпті сақтауға тырысамыз, - дейді Нұрсерік Нұрланұлы.