Жүлде қоры ​3 млн: Шымкентте елімізге танымал жұлдыздар арасында турнир өтеді

0
841

Алдағы екі күнде өтетін тартысты турнирге Тараз, Алматы, Шымкент қалалары және көрші Қырғызстаннан жасақталған командалар бақ сынайды.


Жүлде қоры ​3 млн: Шымкентте елімізге танымал жұлдыздар арасында турнир өтеді

Елімізде алғаш рет блогер, актер, және спорт жұлдыздарынан құралған «CENTRAL ASIA MEDIA CUP» футболдан медиа турнир өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығында өткен брифингте айтылды.

Медиа турнирдің алғашқы ойыны Шымкент қаласында өтеді. Алдағы екі күнде өтетін тартысты турнирге Тараз, Алматы, Шымкент қалалары және көрші Қырғызстаннан жасақталған командалар бақ сынайды.

Жеңімпаз команда 3 миллион теңге алады.

Турнирдің мақсаты – футбол ойынын танымал жұлдыздар арқылы көрсетіп, дәріптеп, жастардың спортқа деген қызығушылығын ояту. Алғашқы ойын Тассай шағынауданындағы Биік спорт кешенінде өтеді. Алаңда 4 команда өзара сайысып, жеңген команда финалға жолдама алады,- деді қоғам белсендісі Олжас Мамыр.

Соңғы уақытта футбол жанкүйерлерінің саны азайып бара жатқандықтан, ойын деңгейін көтеру мақсатында жас блогерлер мен жұлдыздар таңдалды. Себебі, олардан үлгі алатын жастардың саны көп. Сол арқылы жас буынды спортқа тартуды мақсат етіп отырмыз, - «Әзіл әлемі» театрының мүшесі Арман Жанәлиев.

Финалдық ойын ертең сағат 20:00-де Қажымұқан стадионында өтеді.

Айта кетейік, биыл Шымкенттік спортшылар Қазақстан республикасының чемпионттарында 500-ге жуық алтын медаль жеңіп алды. Қалада жалпы алғанда 71 спорт түрін дамыту жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 37 - олимпиадалық, 34 - олимпиадалық емес спорт түрі. 2022 жылдың алты айында қала спортшылары Қазақстан республикасының чемпионттары мен біріншіліктерінде спорттың 71 түрінен 416 - алтын, 372 - күміс, 398 - қола медаль жеңіп алды. Сонымен қоса, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттарында 39 - алтын, 18 - күміс және 24 - қола медальге ие болды. Ал, Әлем чемпионаттарында 28 - алтын, 15 - күміс, 8 - қола еншіледі.

Сонымен қоса, Шымкент қаласында 2021 жылдың II- жарты жылдығынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда.