Алексей Луценко "Тур де Франс"-тың алтыншы кезеңінде топ жарды

0
536

Қатысушылар жалпы есебі 191 шақырымды жүріп өтті.


Алексей Луценко

ERNUR.KZ. Кеше велоспорттан әйгілі "Тур де Франс" додасының алтыншы кезеңі аяқталып, "Астана" командасы мен Қазақстан құрамасының спортшысы Алексей Луценко жеңіске жетті деп жазады Olympic.kz.

Бұл кезеңде спортшылар Ле Тей мен Эгуаль арасын жол қылған еді. Қатысушылар жалпы есебі 191 шақырымды жүріп өтті. Ал мәре сызығы Эгуальда орналасқан.

Қазақстандық Алексей Луценко қарсыластарынан қара үзіп, мәреге бірінші болып жетті. Ол жарыс кезінде пелотоннан алты минутқа озып кетті. Мәреге жақын тұста Луценко мен негізгі топтың арасы үш минутты құрады.

Дегенмен, Фабио Ару (UAE Team Emirates) мен Хесус Эррада (Cofidis) біздің спортшыға айтарлықтай қарсылық көрсеткен. Алайда, жарыс жолының аяқталуына он шақырым қалғанда Арудан қауқар кеткен. Ал Эррада соңына дейін күрескенімен, Луценко қарсыласынан оқ бойы озып, мәреге бірінші болып келді.

Алтыншы кезең нәтижесі бойынша Хессус Эрада (Cofidis) екінші, Грег ван Авермат (ССС Тeam) үшінші орын иеленді.

«Мен үшін жеңістің құны жоғары. Бүгін өте мықты топта жарыстым. Жиын кезінде жоспар құрып, тактиканы талқылаған едік. Нәтижесінде, негізгі топтан қара үзіп кеттік. Шабуыл кезінде бар күшімді салдым. Салқынқандылықты сақтап, ритмді сақтау керек болды. Александр Винокуров көмегін көрсетіп, негізгі шақырымдарда алға бастап жүрді. Барлығы жақсы аяқталғаны үшін қуаныштымын», - дейді Луценко.