​«Аякстан» ұтылған «Реал» Чемпиондар лигасынан шығып қалды

0
927

3 жыл қатарынан Чемпиондар лигасында топ жарып келген мадридтік команданың жорығы аяқталды.


​«Аякстан» ұтылған «Реал» Чемпиондар лигасынан шығып қалды

ERNUR.KZ. Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан алғашқы екі команда («Аякс» және «Тоттенхэм») анықталды. Бір қызығы, 3 жыл қатарынан чемпион атанып келген Мадридтің «Реалы» жарыс жолынан шығып қалды, деп жазады Vesti.kz.

Корольдік клуб 1/8 финалда «Аякстан» аса алмады. Бірінші ойында 2:1 есебімен ұтқанмен, Мадридте өткен қарымта ойында қара басты. Нидерланд елінен келген командаға 1:4 есебімен есе жіберді.

Ойында «Аякстың» сербиялық легионері Душан Тадич асқан шеберлігімен көзге түсті. 7 минутта Хаким Зиештің гол соғуына жағдай жасаса, 18 минутта Давид Нереске нәтижелі пас берді. Ал 62 минутта өзі гол соғып, ойынның қаһарманы атанды.

70 минутта Маркос Асенсио есепті қысқартқан. Бұл гол мадридтік команда жанкүйерлерін көп қуантпады. Араға 2 минут сала «Аякс» ойындағы төртінші голын соқты. Ласло Шоненің айып соққысынан қия тепкен добын Тибо Куртуа қайтара алған жоқ. Тіпті алаң иелері ойынды 10 ойыншымен аяқтады. Кездесу соңында жүйкесі сыр берген Начо алаңнан қуылды.

Қос ойын қорытындысы бойынша «Аякс» 5:3 есебімен ширек финалға өтті. Ал 3 жыл қатарынан Чемпиондар лигасында топ жарып келген мадридтік команданың жорығы аяқталды.