Бейжіңдегі қысқы Олимпиадада Қазақстан туын алғаш рет екі спортшы алып шығады

0
722

Олимпиада ойындарының басталуы жақындаған сайын онда жарысқа дайындық та қыза түсті.


Бейжіңдегі қысқы Олимпиадада Қазақстан туын алғаш рет екі спортшы алып шығады

ERNUR.KZ. Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарының басталуына бүгін тура 3 күн қалды, деп жазады ҚазАқпарат.

Олимпиада ойындарының басталуы жақындаған сайын онда жарысқа дайындық та қыза түсті. Қазақстандық атлеттер де Бейжің, Янцин және Чжанцзякоу қалаларындағы олимпиадалық қалашықтарға толығымен орналасып, белгіленген кестеге сай жарысқа соңғы жаттығуларын пысықтап жатыр.

Бейжің төрт жылда бір оралатын әлемнің басты спорт тойын өзгеше өткізуге барынша күш салуда.

Бүгін, қытай күнтізбесі бойынша 1 ақпан. Бұл дата ол елде жаңа жыл мерекесі саналады. Осыған орай, Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті әлемнің әр түкпірінен келген атлеттер мен бапкерлер қауымына сыйлықтар үлестіруді де жоспарлап қойғандарын жеткізді.

Қытай астанасындағы «Ұлттық стадионда» өтетін жаһандық жарыстың ресми ашылу салтанатын да бұрын-соңды болмаған ерекше қойылымдармен ел есінде қалдырмақ ниетте. Осыдан бір күн бұрын ауқымды дайындық жұмыстары өтіп, отшашуларды сынақтан өткізді.

Белгілі болғандай, ашылу салтанаты экология мен инновация тақырыптарына арналмақ. Ал шоу 100 минутқа созылады. Оған басты себеп - ковит індетінің таралуына жол бермеу.

Бүгінде қытай астанасында коронавирус жұқтыру деректері күрт көбейіп кеткен. Сол себепті жергілікті билік дереу шара қабылдап, қаланың кей аудандары локдаунға жабылатынын жария етті.

Сондай-ақ, ұйымдастырушы комитет вирус жұқтырғандардың арасында Олимпиадаға қатысушылар да бар екенін айтты. Бүгінге дейін 170-тен астам КОВИД жұқтыру дерегі анықталған. Оның 51-і — спортшылар. Қазір олардың бәрі карантинге алынған. Ең бастысы - әзірге қазақстандық атлеттер арасында ондай деректер тіркелген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, XXIV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады, олар 87 жолдама жеңіп алды.

Бүгінде олар олимпиадалық қалашықтарға орналасты. Қазақстандықтар шаңғы жарысы, фристайл, акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.

Ойындарды «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «El arna» телеарналарынан тікелей эфирден көруге болады. Төртжылдық доданың ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан күні, сағат 17:55-те басталады.

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің байрағын екі спортшы алып шығады. Бұл — қысқы спорт түрлерінен Олимпиадада ел байрағын алғаш рет екі спортшымыздың көтеруі. Оның бірі - шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев болса, екіншісі - конькиші Екатерина Айдова. Екі спортшымыз да құрамадағы тәжірибелі, жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары спортшылар.