Футболдан Қазақстан чемпионатында «Қызылжар» «Ақжайықтан» басым түсті

0
544

Бұл - біріншілік аутсайдерлерінің өзара кездесуі еді.


Футболдан Қазақстан чемпионатында «Қызылжар» «Ақжайықтан» басым түсті

ERNUR.KZ. Футболдан Қазақстан чемпионатының 12-турында «Қызылжар» елордадағы «Астана Арена» стадионында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп жазады inform.kz.

Бұл - біріншілік аутсайдерлерінің өзара кездесуі еді. Биыл Конференция лигасында Қазақстан атынан өнер көрсететін қызылжарлықтар соңғы жеті ойында жеңіске жете алмаса, кейінгі матчтарын сүреңсіз өткізген оралдықтардың да жағдайы мәз емес-ті. Бұл жолы Али Алиевтің шәкірттері ширақ қимылдап, 5-минутта черногориялық легионер Дарко Зорич есеп ашты. Бірінші таймда «Қызылжардың» қақпашысы, команда капитаны, ресейлік Мирослав Лобанцев бірнеше рет голдан құтқарып қалды. Ойынның екінші кезеңінде «Ақжайық» сапындағы грузиялық Лука Имнадзе тепкен топ қақпа маңдайшасына тиіп, асып кетті.

Ал, «Қызылжардан» бразилиялық Жиан Мартинс есепті 2:0-ге жеткізді. Бұдан кейін «Ақжайықтың» капитаны, ресейлік Сергей Шустиков украиналық Артур Мурзаның есепті ұлғайтуына мүмкіндік берген жоқ. Осылайша, көптен күткен жеңісіне қол жеткізген «Қызылжар» 12 ұпай жинап, турнир кестесінде «Ақжайықты» басып озып, 11-орынға көтерілді. Украиналық Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдықтардың жағдайы тіпті қиындай түсті. Әсіресе, команданың шабуыл шебі әлсіз болып тұр. Қорғанысы да жиі сыр беруде. Қазіргі кезде оралдықтар чемпионаттағы голды ең аз соққан команда болып есептеледі. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, «Ақжайық» футбол клубының биылғы бюджеті 1,1 млрд теңгені құрайды.