Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионы анықталды

0
385

Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінге дейін Испания - 7, Италия - 2, Ресей мен Португалия 1 мәрте чемпион атанған болатын.


Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионы анықталды

ERNUR.KZ. Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионы анықталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Құрлықтық додада биыл Португалия жеңіс тұғырынан көрінді. Аталған құрама финалда Ресеймен шеберлік байқасты.

Ойын барысында бірінші кезеңде ресейлік Антон Соколов 9, Андрей Афанасьев 12-минуттарда мергендігімен көзге түссе, оған португалдық Томаш Паку 18-минутта бір голмен жауап қайырды.

Екінші кезеңде Португалия сапынан Андре Коэлью 26, 31-минуттарда қос соқса, Пани Барела 39-минутта қорытынды есепті белгіледі. Осылайша Португалия Ресейден 4:2 есебімен басым түсіп, қатарынан екі мәрте Еуропа чемпионы атанды. Олар 2018 жылы алтыннан алқа таққан болатын.

Ал 3-орын үшін сайыста Испания Украинадан 4:1 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге қол созды.

Еске салсақ, биылғы құрлықтық додада Қазақстан құрамасы да бәсекеге түсті. В тобында бақ сынаған отандастарымыз алғашқы ойында Словениямен (4:4) тең түсіп, одан кейін Финляндияны (6:2) және Италияны 4:1 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде 7 ұпаймен бірінші орын алды. Ал ширек финалда Украинаға 3:5 есебімен жол берді.

Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінге дейін Испания - 7, Италия - 2, Ресей мен Португалия 1 мәрте чемпион атанған болатын.