Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы 1/2 финалда Португалиямен кездеседі

0
454

Әлем чемпионатының финалы 3 қазанға белгіленген.


Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы 1/2 финалда Португалиямен кездеседі

ERNUR.KZ. Бүгін Қазақстан құрамасы футзалдан әлем чемпионатының жартылай финалында Португалиямен шеберлік байқасады, деп жазады inform.kz

Кездесу елорда уақытымен 23:00-де басталып , «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Коста-Рикадан 6:1, Литвадан 3:0 есебімен басым болды. Ал Венесуэламен 1:1 есебімен тең ойнады. Одан кейін 1/8 финалда Таиландтан 7:0 есебімен басым түсіп, ширек финалда Иранды 3:2 есебімен сүріндірді. Ал Португалия топтық кезеңде С тобында Таиландты 4:1, Соломон аралдарын 7:0 есебімен тізе бүктіріп, Мароккомен 3:3 есебіне қанағат білдірді. Келесі кезекте 1/8 финалда Сербияны 4:3, 1/4 финалда Испанияны 4:2 есебімен жеңді.

Еске салсақ, 29 қыркүйекте жартылай финалда Аргентина Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Финалда оған Қазақстан мен Португалия жұбының жеңімпазы қарсылас болады. Португалия әлем чемпионатына алтыншы мәрте қатысып отыр. 2000 жылы 3-орын иегері атанған еді.

Аталған құрама 2018 жылы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алды. Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті. Екі құрама бұған дейін 2000 жылы әлем чемпионаты топтық кезеңінде кездесті. Аталған кездесуде португалдар 6:2 есебімен басым түскен еді.

Әлем чемпионатының финалы 3 қазанға белгіленген.