Қазақстан бокстан әлем чемпионатында Куба, Өзбекстан мен Ресейді озып кетті

0
964

Ширек финалда 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев жарыс жолынан шығып қалды.


Қазақстан бокстан әлем чемпионатында Куба, Өзбекстан мен Ресейді озып кетті

ERNUR.KZ. Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстаннан барған 8 боксшының алтауы жартылай финалға өтті, деп жазады baq.kz.

Ширек финалға 63 келідегі Зәкір Сафиуллиннен басқасы шыққан еді. Ал ширек финалда 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев жарыс жолынан шығып қалды.

Ол 57 келіде жұдырықтасқан болатын. Ширек финалдағы қарсыласы Өзбекстан өкілі Миразизбек Мырзахилилов болды.

Тартысты өткен кездесудің бірінші раундында қарсылас жеңіске жетті. Екінші кезеңде Ерәлиев есепті теңестірді, одан бөлек, қайта-қайта басымен соққы жасаған өзбек боксшысының ұпайы шегерілді. Бірақ өзбекстандық боксшы басымен алға ұмтылғанда Қайраттың қабағы жарылып кетті. Осыдан соң төрешілер жекпе-жекті тоқтатып, есепте алда тұрған Мырзахалиловті жеңімпаз деп тапты.

Өзге алты боксшымыз сенімді ақтады. Олар: Сәкен Бибосынов (52 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары).

Екінші орында Өзбекстан құрамасы. Олардың бес боксшысы ширек финалға шыққан, оның бесеуі де жеңіске жетті. Жартылай финалда Шахобидин Зоиров (52 келі), Миразизбек Мирзахалилов (57 келі) Бобо-Усмон Батуров (69 келі), Дилшодбек Рузметов (81 келі), Баходир Джалолов (91 келіден жоғары).

Бұл тізімде үшінші орында Англия құрамасы тұр. Тұманды Альбионнан келген 4 боксшы жартылай финалда жұдырықтасады. Олар: Питер Макгрейл (57 келі), Пэт Маккормак (69 келі), Бенджамин Уиттакер (81 келі), Фрейзер Кларк (91 келі).

Төртінші орынды Ресей мен Куба бөлісіп тұр. Екеуінде де 1/2 финалда үш боксшысы жұдырықтасады.

Ресей: Андрей Замковой (69 келі), Глеб Бакши (75 келі), Муслим Гаджимагомедов (91 келі).
Куба: Энди Крус Гомес (63 келі), Ласаро Альварес (57 келі), Хулио Сесар ла Крус (81 келі).

Сонымен қатар, жартылай финалда өзге елдерден Үндістаннан - Амит (52) мен Маниш Каушик (63), Моңғолиядан - Эрдэнэбат Цэндбаатар (57 келі), Армениядан - Ованес Бачков (63), АҚШ-тан - Дэвис Кейшон (63), Филиппиннен - Эумир Марсьяль (75), Эквадордан - Хулио Кастильо (91), Франциядан - Билал Бенама (52), Бразилиядан - Хеберт Да Консейсао Соуза (75), Болгариядан - Радослав Пантелеев (91) және Аустралиядан - Хуни Юстис (+ 91).

Жартылай финалда қазақ боксшыларының қарсыластары:

52 келі. Сакен Бибосынов - Амит Пангхал (Үндістан);
69 келі. Абылайхан Жүсіпов - Андрей Замковой (Ресей);
75 келі. Тұрсынбай Құлахмет - Эумир Марсиаль (Филиппин);
81 келі. Бекзат Нұрдәулетов - Хулио Ла Крус (Куба);
91 келі. Василий Левит - Хулио Кастильо (Эквадор);
+91 келі. Қамшыбек Қоңқабаев - Джустис Хуни (Аустралия).

Айта кетейік, Екатеринбургтегі әлем чемпионатының жартылай финалы 20 қыркүйекте өтеді. Ал финал 21 қыркүйекке жоспарланған.