Қазақстан мен Түркия жастары кеншілер қаласында кездеседі

0
566

Екі құрама үшін де бұл ойынның маңызы зор.


 Қазақстан мен Түркия жастары кеншілер қаласында кездеседі

ERNUR.KZ. Бүгін футболдан Қазақстан жастар құрамасы 2023 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Түркия ойыншыларын қабылдайды, деп жазады Vesti.kz.

Екі құрама үшін де бұл ойынның маңызы зор. Қайрат Нұрдәулетов жаттықтыратын Қазақстан жастары іріктеудің алғашқы үш ойынын топтың фавориттерімен өткізді. Біздің футболшылар Бельгия (1:3, 0:2) және Дания (0:1) құрамаларына қарсы кездесулерде ұпай жинай алмады.

Толунай Кафкас жаттықтыратын түріктердің үміт құрамасының да турнир кестесіндегі жағдайы мәз емес. Түркия құрамасы алғашқы ойында өз алаңында Бельгиядан (0:3) ойсырай жеңілді. Екінші кездесуде Шотландияны (1:1) қабылдап, әрең тең түсті.

Қарағандыда өтетін бүгінгі кездесуге де жанкүйерлер сеніммен қарайды. Өйткені, Қазақстан жастары Еуропа чемпионатының әр іріктеу кезеңінде жарқын жеңістерімен футболсүйер қауымға қуаныш сыйлайтын. Сол жеңістердің арасында Қазақстан мен Түркия арасындағы он алты жыл бұрынғы ойын еске түседі.

2005 жылдың 7 маусымында Қазақстан жастар құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Түркияны 2:1 есебімен ұтып, алғашқы жеңісіне қол жеткізген еді. Сол кезеңде құраманы марқұм Антон Шох жаттықтырған еді. Алматыда өткен ойында алғашқы голды Пиралы Әлиев пен Данияр Кенжеханов ұйымдастырып, Алексей Шакин соқты. Кейін Түркияның капитаны Фахри Татан пенальтиден гол соғып, есепті теңестірді. Ойының соңғы минутында жартылай қорғаушы Владимир Яковлев қақпаға тура соққы бағыттап, жеңісті жұлып алды – 2:1.

Қазақстан мен Түркия арасындағы ойынға әрдайым ерекше назар аударылады. Еуропадағы түркі тілдес елдердің дербиі деп те атауға болады. Бүгінгі дербиге қазылық етуге Норвегиядан төрешілер шақырылды. Бас төреші — Рохит Сагги, оның көмекшілері - Гейр Исаксен мен Мортене Йенсен, төртінші арбитр — Кристоффер Хагенес.

Бүгінгі ойынға Қазақстан жастар құрамасы жақсы дайындық жүргізді. Қайрат Нұрдәулетов шәкірттерінің барлығы да алаңға шығуға дайын. Ескертуіне байланысты Бельгиямен өткен ойынға қатыспаған сол қапталдағы қорғаушы Сағи Совет құраманың қатарына қайта оралды. Сонымен қатар, «Шахтер» шабуылшысы Иван Свиридов шақырту алды.

Қазақстан құрамасының тізімі:

Қақпашылар: Данил Устименко («Қайрат»), Вадим Петров («Қызыл-Жар»), Қажымұқан Төлепберген («Мақтарал»);

Қорғаушылар: Дінмұхамед Қашкен, Әлішер Әжімов («Ақтөбе»), Равиль Ибрагимов («Қайрат»), Әділбек Жұмаханов («Атырау»), Лев Скворцов, Сағи Совет, Мейрамбек Қалмырза (барлығы – «Астана»), Жалғас Жақсылықов («Тараз»), Тайыр Нұрсейітов («Шахтер»), Нұрберген Нұрбол («Жетісу»);

Жартылай қорғаушылар: Сұлтан Сағынаев («Астана»), Андрей Ульшин, Данияр Үсенов, Арсен Буранчиев, Еркебұлан Сейдахмет (барлығы – «Қайрат»), Эльхан Астанов («Ордабасы»), Арман Кеңесов («Қайсар»), Дінмұхамед Қараман («Тараз»), Жасұлан Қайыркенов («Атырау»);

Шабуылшылар: Вячеслав Швырев («Қайрат Мәскеу»), Абылайхан Жұмабек («Тараз»), Владислав Прокопенко («Астана»), Иван Свиридов («Шахтер»).

Қазан айында бір ғана ойын өткізетін Түркия құрамасы Қазақстанға ерте келді. 7 қазаннан бастап елордадағы Футбол үйінің алаңында жаттығу жүргізді. Толунай Кафкас алғашқы екі ойынға қатысқан футболшылардың бірқатарын қайта шақырған. Жарақатына байланысты қақпашы Берке Озер ғана келе алмады. Таразда дүниеге келген Түркия құрамасының орталық қорғаушы Равиль Тагирдің ойынына көз жүгіртетін жанкүйерлердің де қарасы көп болмақ.

Түркия құрамасының тізімі:

Қақпашылар: Эрсин Дестаноглу («Бешикташ»), Арда Озчимен («Гезтепе»), Мухаммет Таха Тепе («Трабзонспор»);

Қорғаушылар: Бюньямин Бальчи («Антальяспор»), Серхат Ахметоглу («Карагюмрюк»), Ишик Каан Арслан («Галатасарай»), Сердар Саатчи («Бешикташ»), Дженк Озкаджар («ОХ Лёвен», Бельгия), Равиль Тагир («Истанбул Башакшехир»), Эврен Эрен Эльмали («Касымпаша»), Эмре Каплан («Истанбул Башакшехир»);

Жартылай қорғаушылар: Умут Гюнеш («Аланияспор»), Эфе Татлы («Карагюмрюк»), Али Каан Гюнерен («Анкарагюджю»), Мухаммед Гюмюшкая («Фенербахче»), Эркан Эйибил («Антальяспор»), Юнус Акгюн («Адана Демирспор»), Барыш Альпер Йылмаз («Галатасарай»), Картал Кайра Йылмаз («Умраниеспор»), Омер Фарук Беяз («Штутгарт», Германия);

Шабуылшылар: Энис Дестан («Алтынорду»), Али Акман («НЕК», Голландия), Гекдениз Байракдар («Антальяспор»), Тьяго Сюр Барбарос Шукур («Донкастер Роверс», Англия), Батухан Кор («Бурсаспор»).

Қазақстан мен Түркия құрамалары арасындағы ойын бүгін, 12 қазан күні өтеді. Матч елорда уақытымен 17:00-де басталады. Ойынның трансляциясын QAZSPORT телеарнасынан көре аласыздар.