Қазақстандық каратэшілер Премьер-лига турнирінен 3 алтын еншіледі

0
763

Бұл салмақта екі қазақстандық спортшы екінші рет финалға шығып отыр.


Қазақстандық каратэшілер Премьер-лига турнирінен 3 алтын еншіледі

ERNUR.KZ. Испания астанасы Мадирдте каратеден Премьер-лига турнирінің биылғы маусымдағы ең соңғы кезеңі өтті. Жасталап Санауов жаттықтыратын Қазақстан командасы турнирден үш алтын жеңіп алды, деп жазады olympic.kz.

60 келі салмақта финалдық кездесу қазақстандықтар Дархан Асаділов пен Қайсар Алпысбай арасында өтуі тиіс болатын. Алайда, Қайсар өзінің командаласы Дарханға қарсы шығудан бас тартып, олимпиадалық рейтингте көш бастап келе жатқан Асаділов алтын жүлдегер атанды.

Айта кетелік, бұл салмақта екі қазақстандық спортшы екінші рет финалға шығып отыр.

75 келі салмақта сынға түскен Ермек Айназаров Премьер-лига турнирінің финалында франциялық Да Коста Логаннан басым түсті. Негізгі уақыттың аяқталуында қарсыластар бір ұпайдан еншілеген. Соңғы шешімді төрешілер айтып, белсенді қимылдаған қазақстандық спортшыны жеңімпаз деп таныды.

84 келіде ақтық сынға жолдама алған Данияр Юлдашев тәжірибелі түркиялық каратеші Угур Актасқа есе жіберді. Даниярдың еншісінде күміс жүлде бар.

Қыздар арасындағы жалғыз жүлдені аса ауыр салмақта сынға түскен Софья Берульцева жеңіп алды. Софья финалда грекиялық спортшы, әлем чемпионы Елени Чатзилиададан басым түсті. Осылайша, қазақстандық каратешілер жылдың қорытынды турнирін жарқын жеңіспен аяқтады.