​ Париж-2024: Жолдамалар саны 39-ға жетті

0
277

Қазір Қазақстан делегациясында 14 спорт түрінен 39 лицензия (37 спортшы) бар.


​ Париж-2024: Жолдамалар саны 39-ға жетті

ERNUR.KZ. Қазақстан спортшылары Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына жеңіп алған жолдамалар санын 39-ға жеткізді, деп жазады inform.kz.

Осыған дейін атап өткеніміздей, Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан каноэ мен байдаркада ескек есуден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасына 6 лицензия жеңіп алды.

Нақтырақ айтсақ, бүгін каноэде 500 метрге ескек есуде Қазақстан әйелдер құрамасы (Мария Бровкова, Руфина Искакова) чемпион атанып, Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алса, одан кейін байдаркада 500 метрге жарыста Қазақстан ерлер құрамасы (Бекарыс Раматулла, Сергей Токарницкий) мәреге бірінші жетіп, Қазақстан қоржынына кезекті жолдаманы сыйлады.

Ал осыған дейін каноэде 500 метрге жарыста Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров жұбы Олимпиада жолдамасын жеңіп алғанын жазған болатынбыз.

Спорттың бұл түрінде жұптық сында лицензия алған екі ескекші Олимпиадада жекелей сында өнер көрсетеді.

Осылайша каноэ мен байдаркада ескек есуден Азия чемпионатында Ұлттық құрама Париж Олимпиадасының 6 жолдамасына қол жеткізді. Бұл көрсеткіш өзгеруі әбден мүмкін. Алда әлі 2 жарыс күні бар.

Айта кетейік, қазір Қазақстан делегациясында 14 спорт түрінен 39 лицензия (37 спортшы) бар.

Сондай-ақ бүгін Азия чемпионатында каноэде 500 метрге жарыста Ульяна Кисилева күміс, сосын, байдаркамен жарыста Ольга Шмелева мен Ирина Подойникова жұбы (500 метр) қола жүлдегер атанды. Осылайша, олар Париждегі ойындарға жолдама ала алмады.

Ал Олимпиада бағдарламасына кірмейтін қашықтықта Татьяна Токарницкая (байдарка, 200 м) мен Виктор Степанов (каноэ, 200 м) алтыннан алқа тақты.